Асылы Осман: Қазақ Тәңірден Тәуелсіздікті ғана тіледі!

12 Желтоқсан 2019, 14:54 3971

Асылы Осман алғаш қазақ жеріне келгенде, әке-шешесінің жетегіндегі үш жастағы бүлдіршін болатын. Ол ата жұртынан айрылған әкенің сағының сынғанын, баласына тіскебасар таппай, шөп басын талғажау еткен ананың шарасыздығын көрді, сондықтан Азаттықтың бағасын біледі.

«Тәуелсіздік жарияланған күні Қазақстанға меймандап келген жанымдағы түрік жігітінің жанарының жасқа шыланғанын көрдім. Оған қарап, біз де еңіреп жыладық. Дүниеде бақытқа лайықты бір халық болса, ол қазақ дер ем. Көрмеген азабы жоқ. Тентіреп жүріп, Тәңірден бір ғана тілек тіледі. Ол осы қасиетті Тәуелсіздік еді…» дейді қазақ халқының маңдайына біткен түрі бөлек болса да тілегі бір Асылы Осман.


Даңқты жауынгер, біртуар тұлға Қасым Қайсенов Ол туралы «…желтоқсан оқиғасына қабырғасының қайысатынын сезгенімде, көзіме жас келді» деп жазды.

- Қасым Қайсеновпен кездескенде ол да, мен де жыладым. Қасым ағамен кездесуіме, желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтардың арызы себеп болды. Ол ауруханада емделіп жатыр екен. Бұл арызды жоғары билікке жеткізу үшін оған ұлтқа жанашыр адамның қол қойғанын жөн көрдім. Ол керуертінен тұрып, көтеріліп отырды. Мен болсам, желтоқсаншылардың қазір бірнеше ұйымға бөлініп, бір жағадан бас шығара алмай отырғанын, олардың мұқтажын Мемлекет басшысына жеткізсек деген тілегімді айттым. Осы сәтте Қасым аға көзіне жас алып, «мен сені тілші деп жүр едім, сөйтсем, сен қазақтың барлық жағдайына араласып, енді міне желтоқсан мәселесіне де жанашырлық білдіріп, келіп отырсың» деп маңдайымнан сүйді. Бетіне қарасам, бора-борасы шығып жылап отыр екен. Ол қағазға қолын қойып берді. Кейін бір газетке сұқбатында Қасым аға сол туралы айтыпты.

Қазір ойлап отырсам, мұның да тәрбиелік, танымдық, үлгілік мәні бар екен. Оның туған халқының мәселесіне көз жұмып қарамаған адамның еңбегіне, көңіліне қарап езілуі жаудан қаймықпаған жауынгердің жанының нәзіктігін, ұлтыңа, еліне деген сүйіспеншілігін білдіреді. Ол маған қазақты қастерлегенім үшін құрмет көрсетті, себебі ол өз ұлтын, қазағын сүйді.

Желтоқсан оқиғасын ұрпақ ұмытпауы тиіс. Мәселен, Ресейде Куликова шайқасы қалай дәріптелетінін білесіз. Желтоқсан оқиғасы да солай, мен білсем, сол халық санасында серпіліс тудырған бұл оқиға туралы айтуға қорқып та, ұялып та жүргендер бар. Желтоқсан айының қазақ өмірінде, тарихында алар орны ерекше.

1986 жылы 16-17 желтоқсанда қазақ жастары Алматыда Орталық алаңға шығып, Коммунистік партияның басқару тәсілімен келіспейтіндіктерін ашық мәлімдеп, наразылық танытты.

...

1991 жылы 16 желтоқсанда республиканың сол кездегі заң шығарушы органы - Жоғарғы кеңес Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігін жариялады.

- Мен ол уақытта Тіл білімі институтында қызмет ететінмін. Желтоқсан оқиғасының қалай басталғанын, қалай өрбігенін жақсы білесіз. Алаңға шыққан жастар бір-ақ нәрсе талап етті. «Қазақстанды қазақ немесе қазақстандық басқарсын» деді. Олардың мұнысы ұлтшылдық емес еді, сонда жастардың кінәсі не? Мен сол желтоқсан оқиғасының бел ортасында жүруім керек еді. Егер бір құрбымның сөзі болмағанда, солай болар ма еді. Жоғарғы Кеңесте жұмыс жасайтын бір құрбым айтты «Сенің түрің де бөлек, іздеушің мен жоқтаушың да жоқ. Қазір бұрымыңнан сүйреп апарып, бір арыққа лақтырып тастаса, сенің өлі-тіріңмен ешкімнің де шаруасы болмайды» деді. Сақтан деді, бірақ қайдан сақтанасың?! Мен бәрібір үйде байыз тауып отыра алмадым. Сондықтан, жастарды соққыға жығып, қынадай қырған жерлерде безілдеп жылап жүгіріп жүрдім. Олардың жандарына бара алмасақ та... барлығын өз көзімізбен көрдік, қыздардың, жігіттердің қорланғанын, таяққа жығылғанын, полицейлердің имансыздығын... одан кейін де әкімшіліктен шақырып алып, қағаз беріп, елді үгіттеді. Бәріміз де егіліп жылап жүрдік. Бірақ бұл саясат қой, енді не істейсің?! Әлі күнге дейін менің ашынатыным, неге сол уақытта қазақ зиялылары жастарға араша түсіп, сауға сұрап, басу айтпады екен?! Қай уақытта да, қандай жағдайда да үлкеннің сөзіне тоқтаған халықпыз ғой. Олар жастармен сөйлеспеді де. Сырттан қаншама темір қалпақты адамдарды топырлатып алып келіп, алаңға лап қойғызды.

Қазақтың көрген азабы да, тартқан тауқыметі де бір басына жетерлік. ...Тәуелсіздік жарияланаған күн дәл бүгінгідей есімде. Алматыда жай сіркіреген жылы жаңбыр жауып тұрды. Қазіргі Республика алаңына бардық. Ол кезде Брежнев атындағы алаң болатын. Біз қуаныштан секіріп жүрміз. Ал жанымдағы түріктің баласы қуанғаннан жылап жіберді. Мен де еңіредім. Керей мен Жәнібек хандар аңсаған тәуелсіздікке біздің ұрпақ қол жеткізді. Алғашқы Президент сайлауы болатын күні ұйықтай алмадым. Ең бірінші болып сайлау учаскесіне барып, дауыс бердім.

Елбасының Қазақ еліне, оның тәуелсіздік алуына, оны сақтауға сіңірген еңбегінің орасан екенін айтпай кетуге болмайды. Шүкір, дархандығы даласынан дарыған, тектілікке бабасынан жарыған Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында қазақ халқы ешкімді бөліп-жармай, бәрін қанатының астына алып отыр. Қазір әлем Қазақстанды тыныштығы мен тұрақтылығын, бірлігі мен бейбіт тірлігін, достығымен ынтымағын сақтаған ел ретінде таниды.

1944 жылы Грузияның кеңес-түрік шекарасына жақын аймақтарда тұратын «мұсылман халықтарды» күштеп қоныс аударту жүрді. 1944 жылдың 28 қарашасында Сталиннің атына жазылған Берияның құпияхатында шекаралас аймақтарда тұратын жергілікті халықтардың Түрік тұрғындарымен туыстық қатынасы бар екені және оларды түрік барлау органдары тыңшылыққа немесе банда мүшелігіне тартуы мүмкін екендігі жазылады. «Арнайы қоныс аударушылар» үшін көшірілетін жер алдын-ала дайындалғанымен, «жүйенің қажетсіз элементтері» бір сағат ішінде асығыс-үсігіс жиналып, топ-тобымен азап вагонына тоғытылады. 1944 жылдың 31 шілдесінде Мемлекеттік қорғаныс комитетінің «өте құпия» деген белгімен қабылданған Қаулысында Қазақстанға Грузиядан 4000 адамның қоныс аударылатыны жазылған. 1944 жылы Қазақстанға қоныс аударған мұсылман ұлттарының арасында әзербайжан отбасылары да болды.

- Қазақстанға 1944 жылы келдік. 3 жастағы бала болған соң, көп нәрсе білмеймін. Қалай болғанын ес жиған кезде ересектерден бір-ақ естіп-білдік қой. Осыдан екі жыл бұрын сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі болып тұрған Жансейіт Түймебаевтың және жергілікті азаматтардың көмегімен кіндік қаным тамған Хабет ауылына бардым. Шынымды айтсам, менің тарихи отаным болса да, ештеңе сезінбедім. Қазір ол жерде өңкей армяндар тұрады. Маған әсер еткені не дейсіз ғой, тастан қаланған, терезелеріне дейін тастан өрілген тамдардың сақталып қалғаны. Алайда, ата-бабаларымыз жерленген қабірлердің аяқасты болып кеткенін көргенде, өзімді тоқтата алмай жыладым. 1944 жылы бүкіл мұсылман қауымын, 5-6 ауданды күштеп көшірген. Біздің ауыл Түркияға жақын екен. Төбенің бергі бетінде біз, арғы жағында түріктер. Естуімше, түнгі сағат 3-те американдық машиналарды есікке тақап қойып, «ал, көшесіңдер» деген. Менің әкем екі аяғынан жарақат алып, соғыстан жаңа келген кезі болатын. Машинаға екі-үш отбасыдан тиеп, теміржолға алып келеді. Адамдар үйіндегі алам деген затын ала алмаған. Жаюлы төсек сол қалпында қалған. Менің әке-шешем абдырап жүріп тіпті құжатын да алмаған. Оның үстіне қайтып келеміз деп үміттенген. Кейбір заттарын тіпті тығып кеткен. Хабетке барғанымда, армяндар «алтын іздеуге келдің бе?» деп сұрады. Вагондарға бірнеше отбасыдан топырлатып тиеген ғой. Біздің ғұрпымызда ата-енемен келін арасында тәртіп бар. Келін өле-өлгенше атасымен дастархан басында қатар отырып тамақ ішіп, сөйлеспейді. Баласын көтеріп, баласын емізбейді. Халық шулап, айдалаға дарияға немесе елсіз құрлыққа апарып тастай ма деп қорқады. Олар жөндерін де айтпайды, адамдар қайда бара жатқанын, алда не күтіп тұрғанын білмейді. Бір айға жуық уақыт болған мал таситын вагонда ішетін суы, жейтін тамағы, жөнді киімі, жатар орны жоқ адамдардың өлгендерін жол үстінде тастап кетіп отырған. Жолшыбай темір жолдың бойындағы елді мекендерге бір вагоннан ағытып қалдырып келгенде, біздің отбасы тиелген вагон Түлкібас ауданына жетіп тоқтаған екен. Бұл қазақтың да жарып отырған кезі емес. Қыстың уақыты, аш-жалаңаш қаңғып келген адамдарды қазақтар біреулері өгіз арбамен, біреулері ат шанамен бөліп-бөліп әкетті. Бір қазақ жатсынбады, түрі бөлек адам болған соң үйлеріне кіргізуге қорқулары да мүмкін еді ғой. Жеті атасын жетік білетін, қаны да жаны да тумысынан таза, арамдықтан ада, қиянаттан шет, баршаның баласын бауырына басқан бір ұлт болса, ол қазақ халқы. Алысты жақындаттыратын, аразбен татуластыратын да осы халық.

Менің шешем ерте қайтыс болды. Біз желтоқсанда келдік, ол наурызда қайтыс болды. Бір үйде алты бала едік, оның үстіне әкем жарымжан жан. Көршілеріміз Ерке апам бар, Серікбай көкем бар әкеме қолұшын беріп, біздің өсіп-жетілуімізге көмек көрсетті. Анам өмірден озғанда, үлкен әпкем небары 9 жаста болатын, ол мектепте де оқымады. Бізді бағып-қағып, шеше орнына шеше болды. Қазақтың қамқорлығын, мейірімін, адам баласына жанашырлығын қалай ұмытуға болады. Мен бұл халыққа өле-өлгенше қарыздармын. Ұмытпаймын да. Хадисте жазылған, адамның бойында бір кесек таза ет бар деп, ол - жүрек. Сол жүректің таза еті сияқты адам таза болуы керек, адал болуы керек. Адалдық ешуақытта сені қор қылмайды. Қазір қарашы, өзімізден өзіміз, Моңғолиядан келгенді моңғол дейміз, Қытайдан келгенді қытай дейміз, Түркиядан келгенді түрік дейміз. Біздің психологиямыз өзгеріп барады. Үнемі жастармен кездесуде айтып жүремін, қазақ деген басқа, ешкіммен салыстыруға келмейтін, жаратылысы бөлек ұлт. Сол қазақтың атына кір келтірмеңдерші деп жалынамын. Көрші Серікбай көкеміз біздің отбасының тыныштығының күзетшісі секілді еді. Таңертең жұмысқа біздің үйге бас сұқпай кетпейді. Әкеммен бір темекіні бөліп тартып, хал-жағдайымызды біліп, сосын барып жұмысына кететін. Сол кісі білсе де, білмесе де намаз оқитын. Намаз уақыты болғанда, аттан түсіп, қалтасындағы беторамалын жайып жіберіп намаз оқып жататын. Түркістанда педучилищеде оқып жүргенімде, Ахмет Яссауидің мешітінен су мен топырақ алып келетінмін каникул сайын. Мен келген күні ауылымда той болатын. Үлкен кісілер біздің үйге жиналып сол суды бөліп ішіп, топырақты шөкімдеп, тасына дейін бойтұмар етіп бөліп алатын.

Әкем үнемі үйде өз тілімізде сөйлеуімізді талап ететін. Бірақ сыртта қазақ тілінде сөйлеңдер дейтін. Біз шешесіз өскен соң, өз тіліміз бен салт-дәстүрімізді ұмытып кете ме деп қорқатын.

Әкемнің Түркияда жалғыз інісі қалған еді. Оны да табуыма Түркиядағы қазақтар көмектесті. Сол 44 жылы Грузияның Түркиямен шектес аймақтарындағы барлық мұсылмандарды бір түнде көшірді ғой. Тарихи отанымыз дегенімізбен, ол жақта ағайын-туыстан ешкім де қалмады. Әкемнің інісі 10-12 жасар шамасында Түркиядан келген жамағатқа еріп кеткен, сол өзеннің арғы бетінде тұрып, «орыстың арасында қаласындар, бері өтіңдер» деп айқайлайды екен. Оны 1991 жылы Түркияға барған сапарымда таптым.

Бір анадан алтаумыз. Үш қыз, үш ұлмыз. Оның үшеуі оқи алмады. Бала кезімізде қиындық көп көрдік. Шөптің басын жедік. Үшеуі масақ терді, қара жұмыс жасады. Ал менің алдымдағы ағам мектепті медальмен бітіріп, өмір бойы білім саласында қызмет атқарды. Әзербайжандардан оқу оқып, үйінен алысқа ұзаған бірінші қыз мен болдым. Сондықтан оқу оқуыма мүмкіндік берген әкеме алғысым шексіз. Меннен кейінгі сіңлім де жоғары білім алды. Әкемнің таяғын ұстап қалған үлкен ағам болды. Ол он үш жасынан бастап қой бағып еді, өмір бойы қойшының таяғы қолынан түспей өтті. Әкем мүгедек, малды ағам бағады, әкем есебін береді.

Шешем болмағасын болар, біз әкемізге тұрмыс құру, үйлену туралы әңгіме айтуға бата алмайтынбыз. Әпкем әкем қайтыс болғанша, тұрмыс құрмады. Қырыққа таяп барып қана әкемнің жылын беріп, сосын тұрмыс құрды. Сіңлім де солай, тұрмысқа кеш шықты. Ал мен тұрмыс құрмадым, әкеме жақын баланың бірі болдым. Жас кезіңде қартаяды деп ойламайсың екен. Қазір қыздарға уақытыңда серік табыңдар деп айтып отырамын. Шүкір, маңдайымнан иіскеп, арқамнан қағатын халқым – қазағым барда мен жалғызбын деп айтпаймын.

Қазақтың наны тәтті де, тілі жаман ба?! Олай емес, қазақтың нанын жеген адам,

тілін де үйренсін!

- Мемлекеттік тілге бола алаңдаймын. Ахмет Байтұрсыновтың «байтақ жер де, бай тіл де қазақтыкы» деген сөзі бар. Тәуелсіздігіміз мәңгі ғұмырлы, тіліміз тұғырлы болсын деп тілеймін. Қазақтың тілін ешбір тілмен де салыстырмаймын. Қазақтың тілінің байлығын да, шұрайлылығын да, мәңгілігін де мен бәрінен жоғары қоямын. Мен тіл деп шырылдағанда, қазақ тілі құрып бара жатыр деп шырылдамаймын, қазақ жетінші ғасырда алып арабқа да, он үшінші ғасырда тегеурінді маңғолға да, 19-20 ғасырларда ормандай орысқа да төтеп беріп, өзінің тәуелсіздігін сақтап, осы кезге жетті. Қанша тіл білсең, сонша ұлттың өкілісің. Қазақ артта қалғанды ілгері сүйрейді, жығылғанды тұрғызады, қиналғанға сүйеу болады. Осы тілге деген сүйіспеншілігім де қазақтың өзінің бойына біткен қайырымдылығының арқасы.
Нұргүл Қалиева
Бөлісу: