Астауды өз қолымен жасау

5 Мамыр 2018, 02:06 2162

Көкшетау қаласының №1 құрылыс-техникалық колледжінің студенттері үшін Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағының мүшесі, ағаш өңдеу ісінің шебері Бауыржан Дарабаев «Астау» атты тақырыптағы шеберлік сағатын өткізді. Шеберлік сағатына аталмыш білім беру орнының «Сәндәк-қолданбалы өнер және халықтық қолөнер» мамандығы бойынша білім алушы студенттері қатысты.

«Қоғамдық келісім» КММ сәндік-қолданбалы өнерді дамыту бойынша маманы Алтынай Күлжанова, шеберлік сағатына қатысушы жастарға ағаштан жасалатын «Астаудың» жасалу ерекшелігін және оған байланысты қазақ ұлтында кездесетін салт-дәстүрлер туралы кеңінен айтып берді. Ежелгі қазақ жұртшылығы астау сынды ыдысты бекер ойлап таппаған. Бұл ағаш бұйымның көшпелі қазақ елінің тарихындағы орны тым бөлек. Себебі ағаш астауға салынып қонақ алдына ұсынылған қазақтың ұлттық тағамы бесбармақ ұзақ уақыт бойы ыстық күйін сақтаса, ағаш кесеге құйылған шәй оны ұстаған адамның қолын күйіп қалудан сақтаған, ал ағаш ыдысқа құйылған қымыз болса ұзақ уақыт өзінің талай дертке дауа болар пайдалылығынан айырылмаған.

Жалпы алғанда шеберлік сағаты өте қызықты өтті деп айтуға толық негіз бар. Студент жастар астауға өз қолдарымен қазақы ою-өрнектерін салып көріп, іс-жүзінде астаудың жасалу технологиясымен таныса білді.

Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы сәндік-қолданбалы өнер шеберлері одағының мүшелері тұрақты түрде Көкшетау қаласының жастары үшін тегін түрде, түрлі бағыттар бойынша шеберлік сағаттарын ұйымдастыруды жалғастыруда. Олардың басты мақсаты өскелең және жас ұрпақты атадан-балаға жалғасып келе жатқан қолөнер түрлеріне үйрету, қазіргі қоғамда сәндік-қолданбалы өнер саласын кеңінен насихаттау болып табылады. Осылайша ұрпақтар арасындағы сабақтастықты да нығайту көзделген.

 

 

 

Бөлісу: