Астананың жаңа қоғамдық кеңістіктері туралы Бас жоспарда айтылды

17 Қараша 2022, 19:36 1941

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтында жарияланды

Астанада қоғамдық кеңістіктер мен абаттандырылған аумақтар (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) ашылады. Елорданың Бас жоспарында қала тұрғындары мен қонақтары бос уақытын жайлы және денсаулығына пайдалы түрде өткізе алатын жаңа тартымды орындар туралы айтылды, деп хабарлайды El.kz. 

Қала тұрғындарының қатысуымен 2035 жылға дейінгі Астананың бас жоспарының жобасы талқыланып жатыр.

Мәселен 2023 жылы Үркер (Ильинка), Телман елді мекендерінде, Ш.Айтматов көшесі аумағында, Ж.Тәшенов пен Т.Хусейн көшелерінің қиылысында, Абай даңғылында гүлзарларды абаттандыру жоспарланып отыр. Сол сияқты Абылайхан даңғылының бойында, Күйші Дина көшесінен Мұстафин көшесіне дейінгі аралықта, Жүргенов көшесі, 28/1, Қошқарбаев көшесі, 45, Қордай және Тайқазан көшелерінің қиылысында, К.Әзірбаев көшесі, 10-14 және т.б. мекенжайларда аллея болады. Айта кету керек, соңғы жылдары Астанада жыл сайын 200-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік (саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар) абаттандырылуда.

Сонымен қатар Үлкен және Кіші Талдыкөл бойында экопарктер салынады. Экопарк жобасы аумақты абаттандыруды, Үлкен және Кіші Талдыкөл су балансын сақтап әрі толықтыра отырып, рекреациялық аймақ салуды көздейді. Су айдындары салынады, олар сумен қамтамасыз етіледі. Бұл судың тепе-теңдігін сақтауға және судың табиғи түрде сүзілуін жасауға, экожүйенің биоәртүрлілігін сақтауға мүмкіндік береді. Бұған дейін Кіші Талдыкөл ауданында саябақтың рельефін құру және ағаш отырғызу үшін аумақты дайындау жұмысы басталған болатын. Сол сияқты Үлкен Талдыкөл маңында қорық және орман-саябақ аймағы бар елдегі алғашқы табиғи парк ашылады.

Соңғы жылдардың өзінде Астанада 900-ден астам аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Мәселен биыл Бейбітшілік және келісім сарайы аумағында амфитеатр, қаланың оң жағалауында тағы бір жаяу жүргіншілер жолы, «Встреча» сауда үйі жанындағы қоғамдық кеңістік, «Бейбітшілік және келісім» саябағы, қалалық алаң салынды.

Астананың Бас жоспарының жобасы талқылау кезеңінде тұр. Қаланың Бас жоспарының жобасын талқылау 2022 жылғы 15-18 қараша аралығында «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС ғимаратында, Астана қаласы, Ә.Мамбетов к-сі, 22, көрме залы мекен-жайында өтеді.

EL.KZ
Бөлісу: