Астана қаласы әкімдігінің Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің құрылғанына 50 жыл толу мерейтойы аясында №5 көпшілік кітапханасы жаңғыртудан өтті, деп хабарлады El.kz ақпарат агенттігі.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, жаңғыртудың басты міндеті қызметтердің сапалы жаңа жүйесін құру, кітапханаларды білім алу, коммуникация және бос уақытты өткізу үшін көп функционалды орталықтарға айналдыру болатын.
Петров көшесі, 14а мекенжайында орналасқан кітапхананың ашылу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының депутаттары мен кітапхана қызметкерлері қатысты. Іс-шараға келушілер кітапхана залдарына экскурсия жасап, кітап қорымен танысты.
№5 кітапхананың кітап қоры көркем әдебиет, балалар әдебиеті, шетел әдебиеті бар – барлығы 48 мыңнан астам кітаптан құрылған. Кітапхана 15 жастан жоғары жастағы азаматтарға қызмет көрсетеді, - деді Астана қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің басшысы Гүлбадан Мәдібаева.
1974 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан кітапхананың өзіндік ерекшелігі де бар. Бүгінде кітапханалар тек кітап оқитын орын емес, оқырмандар өздерінің шығармашылық әлеуетін іске асыратын, демалатын орынға айналды. Сонымен қатар, әртүрлі санаттағы оқырмандар үшін еркін үйірмелер жұмысы ұйымдастырылуда.
Кітапхананы жаңғырту барысында еліміздің және елорданың экологиялық бастамаларына арналған «Таза Қазақстан» заманауи бұрышы ашылды. Бұл бұрышта экологиялық тәрбие, қоршаған ортаны қорғау, мәдени нысандарды сақтау туралы кітаптар, журналдар мен ақпараттық материалдар орналасқан. «Таза Қазақстан» бұрышы бірнеше кітапханада құрылған, жыл соңына дейін тағы бірнеше қатарды қамтуды жоспарлап отыр.
Естеріңізге сала кетейік, «Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» акциясы аясында қаланы санитарлық тазарту, нөсер және арық кәріздерін тазарту, көшелерді, тротуарларды, кварталішілік аумақтарды, қоғамдық кеңістіктер мен аулаларды тазалау жүргізілуде. Сондай-ақ, жасыл желектерді күтіп ұстау және отырғызу, сауда нысандарына іргелес аумақтарды жинау, рұқсат етілмеген полигондарды жою және т.б. жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар елордада Taza Astana жаңа әлеуметтік жобасы іске қосылды. Жоба құқықтық тәртіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық тазалау, көппәтерлі тұрғын үйлердің, аудандар, үй жанындағы аула аумақтарының кірме топтарының тазалығы мәселелері бойынша жүйелі жұмыс жүргізуге бағытталған.