Астананың аязды күндері: жылы аялдамалар тұрғындар үшін емес, үйсіздерге салынған ба?

2 Желтоқсан 2022, 18:15 3510

Биыл елордада 23 жылы аялдама орнатылды

Астанада қарашаның соңғы күндерінен бастап ауа температурасы күрт төмендеп, қыстың қаһарлы аязы күшіне мініп тұр. Осы тұста елорда тұрғындарын аяздан құтқаратын жылы аялдамалардың саны артты. Бүгінде елордада 180-нен астам жылы аялдама бар. Биыл тағы да 23 аялдама орнатылды. Оның басым бөлігі Алматы ауданында салынған. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі қаладағы бірқатар жылы аялдамаларды аралап, олардың ахуалына көз жеткізді. 

Жағалау және Алматы ауданындағы бірқатар жылы аялдамалардың есігі жабық тұр. Далада ауа температурасы –30 градус аязда халық аялдамада сағаттап тұруға мәжбүр.   

Алматы ауданында 51 мектеп бойына жаңа аялдама орнатылған. Бірақ, оны жергілікті тұрғындар күннің суығында пайдалана алмай жүр. Себебі, есігі жабық.

«Аялдаманы 2 апта бұрын орнатты. Орнатылған күні ғана есігі ашық тұрды. Содан кейін аялдаманы жауып тастады. Ал мектеп оқушылары қытымыр аяздың суығында далада тұруға мәжбүр», – деген қала тұрғыны өз наразылығын білдірді.  

Мұның себебін Астана қаласының Алматы ауданы әкімі аппаратынан сұрап білдік. 

«Бауыржан Момышұлы даңғылындағы аталған жылы аялдама кешенін қараша айының ортасында Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы орнатқан. Қазіргі уақытта электр энергиясы кабелін төсеу жұмыстарын жүргізуіне байланысты аялдама кешені уақытша жабылды. Алматы ауданында барлығы 40 жылы аялдама бар. Биыл 7 аялдама орнатылған. Тағы 3 жылы аялдама орнатылады», – деді аудан әкімдігінің баспасөз қызметі.  

Сонымен қатар, жылы аялдамаларда аптасына екі рет тазалық жұмыстары жүргізіледі екен.  Ал, Сарыарқа ауданындағы 41 жылы аялдамада күнделікті екі мезгіл күндіз және түнде тазартылады.

Қаладағы бірқатар жылы аялдамалардан WiFi және қуаттағыш белгілерін байқауға болады. Дегенмен, WiFі жүйесі барлық жерде бірдей жұмыс істемейді. Ал, бір аялдамадағы қуаттағыштар істесе, енді біріндегісі іске жарамсыз.

Елорданың жылы аялдамаларында кешкі уақытта үйсіздердің түнейтінін де көруге болады. Қоғамдық орынды өзінің жеке меншігіне айналдырғаны тұрғындардың наразылығын тудыруда.

«Күйші Дина көшесіндегі жылы аялдамаларға кіру мүмкін емес. Ішінде үнемі маскүнемдер жатады. Ішімдіктің бөтелкелері шашылып, жағымсыз иіс шығады. Аялдамалардың барлығында бірдей жылу жоқ. Мысалы, Еуразия сауда орталығына қарама-қарсы орналасқан аялдамалардың ішіндегі иістен адам кіру мүмкін емес», – дейді тұрғын.  

Аялдамалардағы тағы бір көзге еріксіз түсетін жарнама жапсырмаларын көруге болады. Жарнама парақшаларын ілгені үшін 50 000 теңге көлеміндегі айыппұл салынатыны да ескертілген. Мұндай жапсырмаға назар аударып жатқандар да байқалмайды.  Тіпті, Жағалау бойындағы аялдамалардың қабырғаларындағы жазу мен жарнамада шек жоқ.

Сондай-ақ, терезелері мұз қатқан, жылу мен жарық жоқ, есігі сыңған аялдамалардың легі де аз емес.  Тұрғындардың айтуынша Меркурий және Ш.Айтматов бойындағы жылы аялдамаларының есігі тамыз айынан бері бұзылып, жөнделмей тұр. Аялдамаларда жылу да жоқ. Тазалық жұмыстары да жүргізілмеген. Тіпті, аялдамадағы таблоның қолайсыз орналасқаны адамдардың автобустан түскен кездегі қозғалысына кедергі келтіретін көрінеді.

Бұл мәселе бойынша Астана қаласының Есіл ауданының әкімдігіне сауал жолдап, ақпарат ала алмадық.   

Аялдамалардағы пандустардың бірқатары арбаға таңылғандар үшін қолайсыз орналастырылған. Бұл қыс мезгілінде жүріп-тұруға қиындық соғатын жандардың жүгін екі есе ауырлатпақ.

Қаладағы бірқатар аялдамаларда ойын автоматтары мен банкоматтар орналасқан. Ойын автоматтарының қоғамдық орындарда тұруы қаншалықты заңды?  Бұл мәселеніде әлі қарастыратын боламыз.

Сондай-ақ, аялдамалардан 14 сағатқа дейін жұмыс істейтін дүкендерді де байқауға болады. 

29 қараша күні Министрлік үйінің алдында орналасқан жылы аялдамада есіктің тұтқасы болмаған еді, 30 күні оның жөнделгенін көрдік. Дегенмен аялдамаларда жылу жоқ. Аялдаманың терезесін басқан шаң-тозаңнан автобустың нөмірі көрінбейді. Шашылып жатқан қоқыстарды жиі көруге болады.

Бұл туралы Есіл ауданының әкімдігінен сұрастырып көрдік, дегенмен тұшымды ақпарат ала алмадық. Сондай-ақ, Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасына сауал жолдадық. Жауабын алдағы уақытта міндетті түрде жариялайтын боламыз.

Миражан Махан
Бөлісу: