Астананы ерекше балалар қосқабатты туристік автобуспен аралады

30 Мамыр, 03:30 722

Астанада Сарыарқа ауданы әкімдігінің бастамасымен Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында мүмкіндігі шектеулі балалар елорданың көрікті жерлерін қосқабатты туристік автобуспен аралады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайты.

Сарыарқа ауданы Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Бибігүл Жақсыбайдың сөзінше, экскурсияға мүмкіндігі шектеулі 25 бала ата-анасымен бірге шақырылған.

«Жалпы аудан әкімдігі әр мереке сайын балаларға көңіл бөлуге тырысады. Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында ерекше балалар екіқабатты қызыл автобуспен қаланың тарихи және мәдени жерлерін аралайды. Оған мүмкіндігі шектеулі 25 бала ата-анасымен бірге жиналып отыр. Сонымен қатар бүгін бір топ бала АЛЖИР мемориалды-мұражай кешеніне экскурсияға кетті», - деді Бибігүл Жақсыбай.

Бас маманның айтуынша, ауданда 1 маусым – Балалар күніне арналған бірқатар шара жоспарланған.

«Бүгінгі экскурсия мерекелік шаралардың бастауы деп айтуға болады. Сарыарқа ауданында Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесіне арналған бірқатар іс-шара өтеді. Мереке күні «Көктал» және «Қорғалжын» саябақтарында және Есіл өзені жағалауында мерекелік концерттер өтетін болады», - дейді әкімдік өкілі.

Елорда тұрғыны Айгүл Бектаева да экскурсияға баласымен бірге шақырылып, топпен бірге қаланың көрікті жерлерінде болды.

«Бүгінгі экскурсияны ұйымдастырған Сарыарқа аудан әкімдігіне алғысым шексіз. Менің балам ерекше балалар қатарында. Дегенмен әрқашанда әкімдік тарапынан қолдау көрсетіледі. Бүгін де балалар демалысқа шыққан соң, бос уақытты пайдалы өткізуге септігін тигізіп жатыр. Бүгінгі экскурсия барлық балаларға қызықты өтіп жатыр», - дейді қала тұрғыны.

Экскурсия барысында ерекше балалар шаһардың көрікті жерлерін аралады. Атап айтқанда, «Бәйтерек» монументі, туристер көп жиналатын ЭКСПО қалашығы, Бейбітшілік және келісім сарайы мен Тәуелсіздік алаңында және Есіл өзенінің жағасында орналасқан Орталық саябақта серуендеді.

Перизат Саденова
Бөлісу: