Астананың атауы ауысса да, құжат ауыспайды - Әділет министрлігі

20 Қыркүйек 2022, 02:21 988

Сондай-ақ, астананың атауын өзгерту жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ауыстыру міндеттемелерін жүктемейді.

Президенттің астана атауын өзгертуіне байланысты Әділет министрлігі арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды EL.KZ министрлікке сілтеме жасап.

«Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын қиындататын нормативтік құқықтық актілердің кері күші жоқ. Осыған байланысты астананың бұрынғы атауы көрсетілген заңды тұлғалардың ресми құжаттары заңды күшін жоғалтпайды және астананың атауын өзгерту оларға құрылтай құжаттарын ауыстыру міндетін жүктемейді - делінген министрлік хабарламасында.

Сондай-ақ, астананың атауын өзгерту жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды ауыстыру міндеттемелерін жүктемейді.

Мысалы, сатып алу-сату шарты, сыйға тарту, пайдалануға қабылдау-тапсыру актілері және басқалары, сондай-ақ азаматтық хал актілерін тіркеу туралы құжаттар – туу туралы куәлік, неке/неке бұзу және т.б. Құжаттарда астананың бұрынғы атауын көрсету олардың жарамсыздығына әкеп соқпайды - дейді министрлік мамандары.

Өз кезегінде, Әділет министрлігінің ақпараттық жүйелерінде Нұр-Сұлтан қаласынан Астана қаласына дейінгі елді мекеннің атауы автоматты түрде өзгертілетін болады.

Құжаттарды өзгерту кезең-кезеңімен, олардың қолданылу мерзімі аяқталғаннан кейін немесе жоғалған жағдайда жүзеге асырылады.

EL.KZ
Бөлісу: