Астаналық жүргізуші бір айда 17 рет ереже бұзған

22 Қараша 2023, 22:08 921

Қауіпсіз қоғам құруға бағытталған “Құқықтық тәртіп” жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізу барысында елордада екі күн ішінде әкімшілік айыппұлдар бойынша берешегі бар 11 көлік құралы коммуналдық тұраққа қойылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Операция барысында полиция қызметкерлері Mercedes-Benz автокөлігін тоқтатты. Шетелдік көлік жүргізушісі бір айда 17 рет жол жүрісі қағидасын бұзған. Оған шамамен 190 мың теңгеге айыппұл салынған.

Көрші мемлекетте тіркелген Toyota автокөлігінің жүргізушісі қыркүйек айынан бастап 13 әкімшілік құқық бұзушылық жасаған. Ер адамда шамамен 150 мың теңге төленбеген айыппұл бар.

Осы құқық бұзушылықтар бойынша автокөлік иелеріне берешегі туралы хабарланды. Көлік құралдары коммуналдық айыппұл тұрағына қамалды.

Астана полициясы жүргізушілерді жол жүрісі қағидаларын қатаң сақтауға шақырады.

Берік Арманов
Бөлісу: