Елорда тұрғыны өзгенің банк картасымен сауда жасаған, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.
Ер адам полицияға әкесінің банк картасынан ақша аударылғанын хабарлап, арызбен жүгінген.
Аталған мән-жайды анықтау үшін Сарыарқа аудандық криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары жүргізіп, 18 жастағы елорда тұрғынын анықтаған.
60 жастағы ер адамның картасын жоғалтып алғаны, оның телефонында ақшаны есептен шығаруға арналған мобильді қосымшасы болмағаны расталды. Жоғалған ақшаны ол банкке қолма-қол ақша алу үшін барғанда ғана білген.
Осы уақытта жас жігіт 157 мың теңгені киім-кешек пен азық-түлік өнімдерін сатып алуға жұмсап үлгерген. Бұл факті бойынша ұрлық бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Жас жігіт кінәсін мойындады.