Елордалық ұстаз Айгүл Ержанова бірнеше тонна тартатын ауыр жүк көлігін орнынан қозғап, сүйреу арқылы жаңа рекорд орнатуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Райымбек батыр атындағы №50 «Қазғарыш» мектеп-лицейінің бастауыш сынып мұғалімі Айгүл Ержанованы көпшілік білім мен тәрбие саласындағы білікті маман ретінде жақсы таниды. 30 жылдық еңбек өтілі бар ұлағатты ұстаз – ҚР Президентінің қолынан «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағын алған. Педагогтың болмысы тек ұстаздықпен шектелмейді. Ол – ерік-жігердің, табандылықтың және нағыз чемпион рухының символына айналған спорт шебері.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Айгүл Ержанова спорт әлеміне 52 жасында қадам басып, қысқа уақыт ішінде үлкен жетістіктерге жеткен. Атап айтқанда, алғашқы 1,5 жыл ішінде 45 медаль жеңіп алып, 8 мәрте рекорд орнатқан. Соның ішінде Мысыр елінде өткен халықаралық пауэрлифтинг чемпионатында қос алтын медаль жеңіп алып, әлемдік рекордты жаңартты.
Бүгінде елордалық ұстаз тағы бір үлкен сынға дайындалып жатыр. Бұл жолы ол бірнеше тонна тартатын ауыр жүк көлігін орнынан қозғап, сүйреу арқылы жаңа рекорд орнатпақ. Көзге нәзік, сымбатты, талдырмаш әйел болып көрінгенімен, оның ішкі қуаты мен қайсарлығы кез келген жанды таң қалдырады.
Мен әрдайым өзімді жетілдіруге, жаңашылдыққа ұмтылып отырамын. Бұл әрекетім арқылы ұстаз да, әйел де, ана да кез келген арманына жету мүмкін екенін дәлелдегім келеді, – дейді Айгүл Тұрғанбайқызы.