Астаналық суретші: Көктемгі демалыста балаларға мереке ұйымдастырмақ ниеттемін

4 Наурыз, 16:00 7052

Астаналық суретші Руслан Батырбаевтың мақсаты айқын. Суретші балалар үйінің тәрбиеленушілерін көктемгі демалыста Астанаға әкеліп қыдыртуды жоспарлап отыр. Жүрегі жұмсақ, ниеті таза талант иесін El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі сөзге тартып, әңгімелесіп қайтты.

Ақмола облысының Урюпинка ауылында орналасқан балалар үйіне Руслан Батырбаев жиі барады. Балалармен кездескен әрбір күнін мерекеге балаған азамат оларды қуантуға асық екенін айтып, ағынан жарылды.

Суретті сөйлеткен қылқалам шебері 1983 жылы Целиноград қаласында дүниеге келді.

Ақмолада өсіп-өніп, Астана қаласында оқу бітірдім. Біршама уақыт Нұр-Сұлтан қаласында тұрып, бүгінде Астанаға тұрақтадым, - деп қалжыңдайды өзі.

Русланның тұлға болып қалыптасуына анасы үлкен ықпал етті.

Анам – әр бастамама қолдау білдіріп, ешқашан бетімнен қақпаған адам, - дейді ол.

10 баласынан 27 немере мен 7 шөбере көрген әжесін де ыстық ықыласпен еске алып, «Үлкен мамасының» оны болашақта танымал суретші ретінде көргенін айтты.

Сурет салуға құштарлығым 3 жастан басталды. Оразамды ашпастан, аяқтап үлгермеген картиналарымды бітіруге жүгіретінмін. Бүгінде қолыма қалам алмай өткізген күнім жоқ. Сурет салмасам басым ауырып, өзімді жайсыз сезінемін. Есімде қалғаны, оқушы кезімде конспект жазудың орнына сурет салып, өзімді басқа әлемде жүргендей елестететінмін, - дейді өнер иесі.

Айтуынша, бұл әдеті колледж, университет кезінде де жалғасыпты.

15 жасымда өнер ордасына оқуға түскім келді. Осылайша, арман қуып, анам екеуіміз ректордың алдына келдік. Ол кісі қолыма бір парақ қағаз бен қарындаш ұстатып, қарым-қабілетімді тексермек болды. Берілген тапсырмаға сәйкес, панорамалы күмбезі бар ғарыш кемесін салдым. Кеме ішінде түрлі сусындар ішіп, үлкен лайнердегі туристер тәрізді серуендеп жүрген атмосфераны беруге тырыстым. Сол арқылы болашақ перспективаны ғарыш туризмімен байланыстырып бейнеледім. Ректор сәл ойлана келе, маған өнер мектебіне түспей-ақ, талантты суретшінің жанына көмекші болып баруды ұсынды. Сол сәтте бұл сөздерді көңіліме алып, ренжіп кеткен едім, - деген кейіпкеріміз уақыт өте мұның дұрыс шешім болғанын айтады.

Армандаған оқуына түсе алмай, салы суға кеткен азамат назарын басқа арнаға бұрып, өмірдің жаңа парағын ашуды ұйғарады. Нәтижесінде суретші емес, заңгер мамандығына оқуға түседі.

Американың сот залдарындағы иллюстраторлар тәрізді трибунада отырғандардың суретін салатынмын. Бұл әуестігімді көріп қойған сот төрешісі маған таңырқап қарады. Езуіне күлкі үйіріліп, көңіл күйінің көтерілгенін байқадым. Уақыт өте менің орным сот залында емес, өнер шеберханасында екенін түсіндім. Бүгінде тату мастерімін, - деді кейіпкеріміз.

Басты рөлді Адам Сендлер сомдаған «Папа Досвидос» фильмі суретшінің шарж салуына түрткі болыпты.

Фото: Руслан Батырбаев

2018 жылдың қарашасында өзіме челлендж жасап, 100 портрет салуды алдыма мақсат қойдым. Алғашқысы Сальвадор Далиге жасалған достық шарж болды. Аптасына 2-3 портрет салатын болдым. Нәтижесінде 100 портрет межесін еңсеріп, әр күн сайын қабілетімді ұштай түстім. Достық шарж салуға маған кино кейіпкерлері шабыт береді, - дейді ол.

Руслан балалар үйіне жиі барып, бүлдіршіндерге шеберлік сағаттарын ұйымдастырады. Шеберлік сыныбы барысында кем дегенде 10 оқушының үшеуі суретші болуға ниет танытады екен.  

Болар баланың бетінен қақпай, үнемі қолдау білдіруге тырысамын. Баланың бойында қызығушылық, талпыныс, еңбекке деген құштарлығы болса жеткілікті. Оларға арналған әртүрлі сала мамандарынан шеберлік сыныптарын ұйымдастыру идеясы келді. Аталмыш іс-шаралар барысында балалар қалаған мамандықтарына бет бұрып, нақты таңдауын жасайды деп ойлаймын, - деп жанашырлық танытты.

Фото: Руслан Батырбаев

Суретші осы тектес тәлім-тәрбиеге толы іс-шаралар арқылы көпшіліктің қызығушылығын оятып, кәсіпкерлердің назарын аударуды мақсат етіп отыр.

Ол балалар үйінің директорымен сөйлесіп, шарждардың сатылымынан жиналған қаражаттан көктемгі демалыста балаларға арнап үлкен мереке ұйымдастыруға уәделесіпті.

Қайырымдылық көрмесінің нәтижесі балалардың мерекесі қандай масштабта өтетінін айқындайды. Оларды Астанада қыдыртып, ойын-сауық орталығында кино көріп, ойын алаңына апармақ ниеттемін. Мақсатым - бүлдіршіндерге арналған мерекелер санын көбейтіп, балаларға керемет көңіл күй сыйлау, - дейді ол.

Фото: Руслан Батырбаев

Сұхбат барысында өнер иесі бұл бастамасына қолдау білдірген жора-жолдастарына, әріптестеріне алғыс білдірді.

Ісіме демеу берген багет шеберханасы бар досым Евгенийге, «Хан Шатыр» сауда орталығының басшылығы Энгин мырза мен Темірбек, Әсемгүл, Дария есімді кеңсе қызметкерлеріне, көркем тауарлар сататын дүкені бар Денис мырзаға  алғысым шексіз. Көрменің ұйымдастырылуына Катя есімді мобилограф пен байқауға қатысқандар үшін маска жасап берген Әйгерім есімді арулар да өз үлестерін қосты, - дей отыра, әрбір қолдаушы жанға разылығын білдірді.

Айта кету керек, көрме 23 ақпанда көпшілік қауым назарына ұсынылды. Іс-шара барысында викторина, байқау ұйымдастырылып, жеңімпаздарға арнайы қолдан жасалған маскалар таратылды.

Кейіпкеріміздің айтуынша, жиналғандардың бірі картиналарды сыйлыққа алса, енді бірі интерьер толықтыру мақсатында сатып алған. Сый-құрмет ретінде донат берген кісілер де болыпты.

Көрме туралы ақпарат халық арасында кең таралмағандықтан, 120 картинаның 22-сі ғана сатылды. Өкініштісі, бұл сома картиналардың жасалу бағасын да ақтамады. Бірақ Дмитрий есімді жігіт бірден 5 картинамызды сатып алып, төбемізді көкке көтерді, - деді ол.

Фото: Руслан Батырбаев

Жомарт жігіт балалар демалысының ұйымдастырылуына қолғабыс етіп қана қоймай, қайырымдылық көрмесінің жалғасуына да септігін тигізді.

Келесі көрме барысында қажетті қаражат жиналып, балалардың көктемгі демалысы қызықты өтеді деп үміттенемін, - деп қорытындылады Руслан Батырбаев.

Айта кету керек, келесі көрме 3-і мен 10 наурыз аралығында Rixos Astana ғимаратында өтеді.

 
 
 
 
 
Посмотреть эту публикацию в Instagram
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 

Публикация от 𝕭𝖆𝖙𝖞𝖗𝖇𝖆𝖊𝖛 𝕽𝖚𝖘𝖑𝖆𝖓 (@tse_ruslanbatyrbaev)

Айнұр Оспанова
Бөлісу: