30.10.2025
23:45
528
Астаналық құтқарушылар 14-қабаттан секірмек болған бойжеткенді аман алып қалды

Астаналық құтқарушылар 14-қабаттан секірмек болған бойжеткенді аман алып қалды

Бүгін елордалық құтқарушылар Байқоңыр ауданы, Ш.Иманбаева көшесіндегі тұрғын үйдің 14-қабатында тұрған бойжеткенге қатысты шұғыл шақыртуға шықты, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Оқиға орнына келген Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының қызметкері Саят Пишембаев бойжеткенді қорқытпау үшін сақтықпен әрекет етіп, оның назарын басқа жаққа аударған сәтті пайдаланып, киімінен ұстап, қауіпсіз жерге сүйреп шығарды.

Мен өз ісімді ерлік деп санамаймын, тек қызметтік міндетімді орындадым, - деді құтқарушы Саят Пишембаев.

Ол аталған қызметте 2024 жылдан бері еңбек етіп келеді.

Сонымен қатар, оқиға кезінде құтқару тобының үйлесімді әрекеті маңызды рөл атқарды. Байбұлан Секербаев пен Азамат Жұмабаев қауіпсіздік сақтандыруын қамтамасыз етсе, Азамат Бердіқұлов топтың іс-қимылдарын сауатты түрде үйлестіріп отырды.

Құтқарушылардың кәсіби және батыл қимылы адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл оқиға Төтенше жағдайлар министрлігі қызметкерлерінің кез келген уақытта көмек көрсетуге әрдайым дайын екендігін тағы бір мәрте дәлелдеді.