Астаналық полицейлердің атына 1 айда 55 алғыс келіп түскен

13 Мамыр 2023, 23:50 1435

Елорда тұрғындары астаналық полицейлерге жедел көмек көрсеткені үшін алғыстарын білдіруде, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі. 

Астана қаласы ПД баспасөз қызметі мәліметінше, департаментке қала тұрғындары мен қонақтарынан көптеген алғыс сөздер келіп түсуде. Азаматтар Жедел басқару орталығына келіп түскен қоңырауларға жедел ден қойған полиция қызметкерлеріне ризашылықтарын білдіреді. Сәуір айында қала тұрғындарынан 55 алғыс келіп түскен.

Полицейлердің жұмысы туралы оң пікірлер тікелей «102» телефонына келіп түсіп, азаматтар тәртіп сақшыларына әртүрлі мәселелер бойынша жедел әрекет еткендері үшін алғыстарын білдіреді.

Мысалы, жүкті автоханым қоңырауға дер кезінде жеткен Патрульдік полиция полкінің қызметкерлеріне алғысын білдірді. Жол қиылысындағы әйелдің дөңгелегі жарылып, көлік жол қозғалысының басқа қатысушыларына кедергі келтірген. Ол өз бетімен дөңгелекті ауыстыра алмай, полицияға хабарласқан. Келген полицейлер көмек көрсетіп, көлікті жол жиегіне шығарды.

Тағы бір жағдайда, қала тұрғыны көлігі бұзылған жүргізушіге көмектескен 102 операторы мен полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

Сондай-ақ елордалық полицейлерге әкесін іздеп табуға көмектескені үшін әйел адамнан алғыс келіп түсті. Белгілі болғандай, ата аялдамада ұйықтап қалып, үйіне оралмаған. Автобус аялдамасында қарт адамды байқаған полицейлер оған жақындап, телефонынан жақын туыстарының нөмірін тауып, хабарласып, үйіне жеткізген.

Тұрғындар өтініштерге жедел ден қоятын учаскелік полиция инспекторларына алғыстарын жиі айтады. Мәселен, қоңырау шалушылар түнгі уақытта үйінде сауық-сайран құрған көршісіне шара қолдануды сұраса, басқалары түнгі уақытта пәтерінде құрылыс жұмыстарын жүргізгені үшін шағымданды. Қоңырауға келген полиция жасағы тиісті шараларды қабылдады.

Азаматтардан хабарламаларды қабылдаудың омниканалды процесі полицияны халыққа жақынырақ және қолжетімді етуге мүмкіндік береді.

Конституциялық құқықтарды қорғау, азаматтардың өтініштеріне дер кезінде жауап беру, сондай-ақ қиын жағдайда қалған адамдарға көмек көрсету – әрбір полиция қызметкерінің міндеті.

Перизат Саденова
Бөлісу: