Астанадағы №38 мектеп-лицейінің 7-сынып оқушысы Шахназар Камалов өзі құрастырған роботты таныстырды. Ерекше құрылғы Рубик текшесін небәрі бір минутта толық жинай алады. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасай отырып El.kz интернет порталы хабарлайды.
Шахназардың жобасы LEGO Mindstorms EV3 конструкторы негізінде жасалған. Робот арнайы орнатылған датчиктер арқылы текшені сканерлеп, әр қырдың түсін анықтайды. Алынған ақпаратқа сүйене отырып, құрылғы ең тиімді алгоритмді таңдап, жоғары дәлдікпен құрастырады.
Роботтың бағдарламасы EV3 Classroom платформасында Python тілінде жазылған. Бұл оқушыға алгоритмдік ойлауын дамытып, инженерлік есептерді шешуді және механизмнің дәл қозғалысын басқаруды үйренуге мүмкіндік берген.
Бүгінде робототехника жасанды интеллект пен инженерияны біріктіретін маңызды бағыттардың бірі саналады. Мұндай жобалар оқушылардың техникалық білімін арттырып қана қоймай, олардың шығармашылығын, инновацияға деген қызығушылығын күшейтеді.
Шахназар Камаловтың еңбегі оның табандылығы мен ынтасының нәтижесі. Роботты жасау процесі оқушының логикалық ойлауын жетілдіруге, бағдарламалау мен техникалық модельдеуге деген қызығушылығын тереңдетуге себеп болған. Болашақта ол жобасын жетілдіріп, одан да күрделі механизмдер құрастыруды жоспарлап отыр.