Астанаға атпен келе жатқан жолаушы жұбайлардың мәреге жететін күні белгілі болды, деп жазады El.kz интернет порталы Қазақпаратқа сілтеме жасап.
Қытайдың Тарбағатай аймағынан атпен жолға шыққан жас жұбайлар - Қуанбек Түсіпханұлы мен Жайна Еркінқызы 20 қазан күні Астанаға жетеді.
Ойға алған үлкен арманымыздың жүзеге асуына санаулы уақыт қалды. Көңіл күйіміз де, астымыздағы атымыздың жай-күйі де өте керемет. Қазақ елінің елордасы – Астананы көруге асығып келеміз. Бұйырса, ертең, 20 қазан күні Астанаға ат басын тірейміз, - дейді Қуанбек Түсіпханұлы.
Олар Тарбағатай аймағына қарасты Сауан ауданынан 8 тамыз күні жолға шыққан болатын. Екі айдан астам уақытын ат үстінде өткізген жолаушылар қазақтың ұлан-ғайыр даласын ат тұяғымен дүбірлетіп, Сарыарқаға жетті.
Сапардың жалпы аралығы - 2 500 шақырымнан асады.