Астанаға Қырғызстан президенті Садыр Жапаров келді

8 Тамыз, 17:08 413

Астанаға Орталық Азия мемлекеттері басшыларының VI консультативтік кездесуіне және «Орталық Азия + Жапония» диалогы мемлекеттер басшыларының бірінші саммитіне қатысу үшін Қырғызстан президенті келді, онда интеграциялық үдерістерді одан әрі дамыту мәселелері талқыланады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Садыр Жапаровты премьер-министр Олжас Бектенов әуежайда қарсы алды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы тауар айналымы 26%-дан астам өсті. Осы жылдың 5 айында өзара сауда көлемі $614,3 млн-ды құрады, бұл ретте қазақстандық тауарлар экспорты 6,7%-ға артты.

Қазіргі уақытта биылғы сәуір айында екі мемлекет басшылары қол қойған Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы одақтастық қатынасты тереңдету және кеңейту туралы шарт ережелерін іске асыру бойынша үкіметтер деңгейінде бірлескен жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық ынтымақтастықты арттыру, су-энергетика, ауыл шаруашылығы салаларындағы өзара іс-қимылды тереңдету жұмыстары атқарылуда.

EL.KZ
Бөлісу: