Астанаға көшкісі келетіндерге шектеу қойыла ма?

29 Тамыз 2023, 11:29 1701

Премьер-министрдің орынбасары, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астанаға халықтың көшуін шектеу мәселесі жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Біз ешкімді шектеп, оларға тосқауыл болып жатқан жоқпыз. Егер де адамның Астанада жұмысы болып, оған жұмысынан жағдай жасалып жатқан болса, оған ешқандай кедергі болмайды, - деді министр Үкімет кулуарында.

БАҚ өкілі: «Бұл жағдай адамның Конституциялық құқығын шектеу емес пе?» деп сұрақ қойды.

Адамның құқығы шектеліп жатқан жоқ. Егер мүмкіндік болып жатса, оған ешқандай шектеу болмайды, - деп толықтырды министр.

Журналистердің «Миграция саласының өкілі халықаралық тәжірибеге сүйендік деп айтқан болатын. Сонда Қазақстан қай елдің тәжірибесіне сүйеніп отыр?» деген сұрағына:

Мысалы, біз Америка астанасы Вашингтон қаласының стандарттарын айттық. Біздің комитеттер, қала әкімшілігі де сіздерді шақырып, қай елде, қай қалада екенін толық түсіндіріп, көрсетіп берсін. Дегенмен АҚШ, Еуропа елдерінде белгілі бір жағдайдағы стандарттар бар. Бұл жағдайда ешкім ешкімге ешқандай кедергі жасап жатқан жоқ. Әрбір қаланың өзінің инфрақұрылымы бар. Мәселен, естеріңізде болса, Шымкент пен Алматы қалаларында да осындай жағдайлар болған, - деп жауап берді Тамара Дүйсенова.

Айта кетейік, кеше Астананың қоғамдық кеңесі қаланың 2035 жылға дейінгі кезеңге арналған бас жоспары жобасын талқылау кезінде халық саны мәселесін шектеу мәселесін көтерген еді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің комитет төрағасы Асқарбек Ертаев Астанаға кімнің кіріп, кімнің кіре алмайтындығын анықтау бойынша миграция мәселесі талқыланып жатыр деген еді. 

Миражан Махан
Бөлісу: