Астанадан Бурабайға 2,5 сағатта жетуге болады

12 Маусым, 11:50 598

Жолаушылардың ыңғайлылығы үшін Ұлттық тасымалдаушы «Астана-Бурабай курорты» бағыты бойынша жүретін электр пойызының жол жүру уақытын қысқартты. Енді елордадан бұл көрікті мекенге бұрынғы 4 сағаттың орнына небәрі 2,5 сағатта жетуге болады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Ол үшін №7553/7556 «Қарағанды-Астана» электр пойызының маршруты Бурабай курортына дейін ұзартылды. Қарағандыдан Астанаға дейін бұл пойыз №7553/7556 нөмірімен жүреді, ал Астанадан Бурабай курортына дейін №6811/6812 нөмірімен жалғасады.

14 маусымнан бастап осы электр пойызының жүру жиілігі аптасына екі реттен бес ретке дейін ұлғайтылады. Енді «Қарағанды-Астана-Бурабай» электр пойызы дүйсенбі, сәрсенбі, жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді.

Бұдан бөлек, №7507/7508 «Астана-Көкшетау» электр пойызының маршруты Саумалкөл станциясына дейін ұзартылады. Енді бұл пойыз аптасына үш рет – жұма, сенбі және жексенбі күндері жүреді. Сондай-ақ, Бурабай бағытында күнделікті №6829/6830 «Астана-Көкшетау» электр пойызы қатынайды.

Жолаушыларға қолжетімді болу үшін электр пойыздарының билет құны 2 271 теңгеден 2 943 теңге аралығын құрайды. Қосымша электр пойыздарының билеттері 11 маусымнан бастап bilet.railways.kz сайтында және теміржол вокзалдарындағы «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында қолжетімді.

Биыл «Жолаушылар тасымалы» АҚ Бурабай және Имантау-Шалқар курорттық аймақтарына шамамен 125 мың жолаушыны тасымалдауды жоспарлап отыр.

Ұлттық тасымалдаушы жолаушылардан сапарларын алдын ала жоспарлап, билеттерді ертерек сатып алуды сұрайды.

Билеттер болмаған жағдайда жолаушылар билеттерді сату сайтында немесе «Жолаушылар тасымалы» АҚ кассаларында «Күту парағы» тегін қызметін пайдалана алады.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: