Қарапайым көпқабатты үйдің ауласы сырт көзге қауіпсіз, күнделікті өмірдегі қалыпты кеңістік болып көрінгенімен, төтенше жағдай кезінде дәл осы аула адам өмірі үшін ең шешуші әрі ең осал нүктеге айналады. Себебі әр секунд маңызды болған сәтте тар кіреберіс, ретсіз қойылған көліктер мен жабық қақпалар құтқарушылардың жұмысына кедергі келтіріп, соңы қайғылы аяқталуы мүмкін.
Астана қаласында Есіл ауданында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған өрт қоғамды дүр сілкіндірді. Қайғылы жағдай салдарынан үш бала көз жұмды.
Куәгерлер мен тараған видеоларда өрт сөндіруші техникалардың аулаға кіре алмай, ретсіз қойылған көліктердің кесірінен айналсоқтап жүргені байқалады. Ығы-жығы салынған үйлердің арасындағы жалғыз кіреберіс жолға бей-берекет қойылған автокөлік арнайы техниканың дер кезінде жетуіне айтарлықтай кедергі келтірген.
Қайғылы оқиға Түркістан көшесіндегі көпқабатты үйдің 15-қабатында тіркелді. Өрт шыққан пәтерде болған әйел күйік алып, құтқарушылар оны сыртқа шығарып, жедел жәрдем қызметіне тапсырған.
Зардап шеккен тұрғын кейін №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жеткізілген. Оқиға кезінде жоғары қабаттардан 20 адам эвакуацияланып, тағы 40-қа жуық тұрғын өз бетінше ғимараттан шығып үлгерген. Құтқарушылар өртті толық сөндірді.
Көршісі әрі өрттің куәгері Аша Жақсығұлова оқиғаның мән-жайын былай сипаттады. Оның айтуынша, алғашында түтін мен дыбысты байқамаған, тек бірдеңенің жанып жатқанын түсінген. Кейін ақ түтінді көріп, дәлізге шығып, көршілердің есігін қаққанымен, ешкім ашпаған.
Бөлмедегі розеткаларды тексеріп шықтым, бірақ ештеңе болмады. Өзім ұйқылы-ояу күйде болдым. Ең бірінші байқағаным – ақ түсті түтін. Иісін де сезбедім, – дейді.
Оның айтуынша, бастапқыда адамдар қауіпті бірден аңғармаған, бұл да өрттің жасырын түрде тез таралу қаупін көрсетеді.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрт сөндіру жұмыстары күрделі жағдайда өткен. Аулаға кіреберіс металл қақпалармен жабылып, аумақ автокөліктерге толы болған.
Сонымен қатар, пәтер есігінің темірден жасалып, екі құлыппен жабылуы да құтқару жұмысын қиындатқан. Дегенмен мамандар арнайы құралдардың көмегімен есікті ашып, жалынның көрші пәтерлерге таралуына жол бермеген.
Өрт дабылы іске қосылып, жеделсатылар автоматты түрде бірінші қабатқа түскен. Бұл көптеген тұрғынның дер кезінде эвакуациялануына мүмкіндік берген.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне осы мәселе бойынша сұрау салдық. Баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі күні көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларына өрт сөндіру техникаларының өте алмауы өзекті мәселелердің біріне айналған. Оның басты себебі – жеке автокөліктердің жолды ретсіз бөгеп қоюы.
Ведомство өкілдері бұл мәселенің тек тұрмыстық қолайсыздық емес, тікелей адам өміріне қауіп төндіретін фактор екенін атап өтті.
Заң не дейді?
ҚР Конституциясының 6-бабына сәйкес, жеке меншік мемлекеттік меншікпен тең дәрежеде қорғалады. Алайда төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтау – басты басымдық.
Сондай-ақ Азаматтық қорғау туралы заң 63-бабына сәйкес, өртті сөндіру барысында заңды әрекет еткен құтқарушылар келтірілген материалдық залал үшін жауапкершіліктен босатылады.
Мысалы, тәжірибеде:
Мұндай жағдайларда, әдетте, талап-арыздар қарастырылмайды, себебі бұл әрекеттер адам өмірін құтқаруға бағытталған.
ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті басқарма бастығының орынбасары Арман Құсайыновтың айтуынша, өрт кезінде мүлікке зиян келтіру тек басқа амал қалмаған жағдайда ғана қолданылатынын ерекше атап өтті. Яғни бұл – мәселені шешудің соңғы әрі мәжбүрлі тәсілі.
Сонымен қатар ол ірі габаритті техниканың көмегімен жолды бөгеген көлікті ығыстырып тастау әрдайым тиімді шешім бола бермейтінін айтты.
Мұндай әрекет:
Тәжірибе көрсеткендей, кейбір жағдайларда ұзаққа созылған сот процестері құтқарушылар әрекеттерінің заңдылығын дәлелдеуге кепілдік бермейді, – деді ол.
Осыған байланысты құқық қорғау органдарымен бірлескен нақты алгоритм қарастырылғанын атап өтті. Полиция қызметкерлері өрт сөндірушілермен бірге шақыртуға шығып, өтуге кедергі келтіретін көліктерді эвакуациялауды қамтамасыз етеді.
Ведомство өкілінің айтуынша, өрт сөндірушілер уақыт жоғалтпай, баламалы әдістерге жүгінген.
Құтқарушылар авариялық-құтқару құралдары мен өрт сөндіруге арналған мобильді аспалы қондырғыларды пайдалана отырып, бірден адамдарды құтқару және өртті сөндіру жұмыстарына кірісті. Бұл алғашқы кезеңде адамдарды аман алып қалуға және өрттің шағын ошақтарын жедел жоюға мүмкіндік берді, – дейді ол.
ТЖМ ақпараты бойынша, Абай облысы аумағында «Жол бер» республикалық акциясы аясында, «Заң және тәртіп» қағидаты негізінде құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларында профилактикалық және әлеуметтік тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Тұрғындарға ретсіз қойылған көліктердің, өрт гидранттарының жанына немесе арнайы техникаларға арналған алаңдарға автокөліктерді қоюдың қауіпті екені түсіндіріледі.
Төтенше жағдайлар қызметі азаматтардың барлығын арнайы техникалардың кедергісіз өтуіне жағдай жасауға шақырады. Себебі бұл құтқарушылар жұмысының тиімділігіне ғана емес, әрбір адамның қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.