Астанадағы қарбалас. ШЫҰ дайындық қалай жүріп жатыр? – фоторепортаж

1 Шілде, 17:30 709

Астанада екі күннен соң Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті басталады. Қазіргі таңда 3-4 шілде аралығында өтетін жиынның аясында Еуразия континентінің түкпір-түкпірінен келетін делегацияларды күтуге арналған дайындық кезеңі жүргізіліп жатыр. Осы орайда El.kz ақпарат агенттігінің тілшісі жағдайды өз көзімен бақылап қайтты.

Саммиттің тақырыбы – «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу». Мұнда сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық саладағы өзекті мәселелер талқыланады.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ықпалдастықтың көптеген өзекті мәселесін қарастырады.

Жиынға 16 елдің президенті мен үкімет басшысы саммитке қатысады. Олардың қатарында Қытай Халық Республикасының төрағасы Си Цзиньпин, БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гуттериш те бар.

Суреттер: ©El.kz/Артем Чурсинов 

ШЫҰ саммиті Тәуелсіздік сарайында өтеді. Қызметкерлер саммитке қатысушылар мен қонақтарға барынша қолайлы жағдай жасау үшін аумақты тазалап, ғимаратты ретке келтіруде.

Суреттер: ©El.kz/Артем Чурсинов 

Қазіргі таңда елорданың айналасына бес блок-бекет орнатылған. Ол жерде тәртіп сақшылары кезекшілік атқарады. Сондай-ақ аймақтардан да қосымша күштер тартылмақ. Жалпы алғанда шамамен 8 мыңға жуық полицей қоғамдық тәртіпті бақылайды.

Суреттер: ©El.kz/Артем Чурсинов 

Жиын қарсаңында скутерлерді басқаруға уақытша тыйым салынды. Олар «Барыс Арена» стадионының жанына жиналды. Бұл шара делегациялардың қауіпсіздігі мен еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін қабылданды.

Сурет: ©El.kz/Артем Чурсинов 

Сонымен қатар қалалық әуежайдан шығу кезінде мұқият тексеру жұмысы жүргізіледі, онда стационарлық полиция бекеті де орнатылған.

Сурет: ©El.kz/Артем Чурсинов 

Қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы болуы және жолдарда кептелістердің туындауын болдырмау үшін 2-4 шілде аралығында мемлекеттік мекемелер мен квази­мемлекеттік сектор қызметкерлерінің 70 пайызы жұмысты қашықтан істеу форматына ауыстырылады. Бұған қоса, мектепке дейінгі мекемелер жұмыс істемейді.

Сурет: ©El.kz/Артем Чурсинов 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзінше, биыл елімізде өтетін халықаралық шаралар көп. Оның ішінде Астанадағы Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті – кейінгі бірнеше жыл ішіндегі жоғары деңгейде ұйымдастырылған аса маңызды халықаралық форумдардың бірі болып отыр.

Мұндай ауқымды шараның өткізілуі еліміздің жаһандық аренадағы беделінің зор екенін көрсетеді. Еліміз биыл ШЫҰ-дан басқа тағы бес халықаралық құрылымға төрағалық етіп отыр. Бұл – қазақ дипломатиясының тарихында бұрын-соңды болмаған жетістік, - дейді Президент.

Суреттер: ©El.kz/Артем Чурсинов 

Бүгінде ШЫҰ-ға тоғыз мүше мемлекет кіреді – Үндістан, Иран, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан. Ауғанстан, Беларуссия және Моңғолия бақылаушы мәртебесіне ие. Алдағы ШЫҰ саммитінде Беларусь ұйымның толыққанды мүшесі болады деп күтілуде.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: