Елордадағы наркологиялық орталықта мас жүргізуші бұзақылық жасаған, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Учаскелік полиция инспекторы Қосшы көшелерінің бірінде күдік тудырған көлік жүргізушісін тоқтатқан. Оның тиісті құжаттарын тексеру кезінде тәртіп сақшысы жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққанын байқап, мас күйін анықтау үшін елордадағы наркология және психиатрия орталығына жеткізген. Алайда ер адам полиция қызметкерінің заңды талабына бағынбай мінез көрсеткен.
Медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша оның орташа дәрежедегі мас күйінде болғаны анықталған. Аталған бұзақы ӘҚБтК-нің 667-бабы (Құқық қорғау органы немесе арнаулы мемлекеттік орган, әскери полиция органы, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерінің (әскери қызметшісінің), сот приставының, сот орындаушысының заңды өкіміне немесе талабына бағынбау) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар ол қызметтік бөлмедегі қабырғаға, өртке қарсы қалқанға және орындықтарға зақым келтіріп, тәртіпсіздік туғызған. Осы әрекеті үшін де 42 жастағы ер адамға бөтеннің мүлкіне қасақана зиян келтіргені үшін 147-1-баптың 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілік қарастырылды. Тәртіп бұзушыға қатысты жиналған материал әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жолданды.
Сот шешімімен құқық қорғау органы қызметкерінің заңды талабына бағынбағаны үшін ер адамға 20 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Бөтеннің мүлкіне зиян келтіргені үшін оған 30 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Жол-көлік оқиғаларын азайту және алдын алу мақсатында полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзу фактілерін болдырмау мақсатында көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілерді анықтау жұмыстарын күшейтті. Осы бағытта рейдтік іс-шаралар тұрақты түрде жүргізіліп жатыр.