Астанадағы мектепке халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді

8 Мамыр, 19:07 689

Астанадағы №44 орта мектепке Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың есімі берілді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Мұндағы мақсат – келешек ұрпаққа үлгі етер тұлғалардың өмірі мен тарихын, ерлік-еңбектерін кеңінен насихаттау.

Мектепте Рақымжан Қошқарбаев атындағы алғашқы әскери патриоттық кабинет те ашылды. Мұнда батырдың өмір тарихы және марапаттарымен танысуға болады. Сондай-ақ келушілер назарына батырдың фотосуреттері қойылған.

Батыр есімін иемденген оқу ордасында бүгінде 1000-нан астам оқушы білім алады.

Бұл – мектеп үшін үлкен мереке. Білім ордасына батырдың есімі берілгенін мақтан тұтамыз. Келешекте біздің оқушыларымыз Рақымжан Қошқарбаевтың ерліктерін жалғастыратынына кәміл сенеміз. Мектебіміздің бүгінгі миссиясы – ұлттық құндылықтар негізінде оқушыларға патриоттық тәрбие беру, - деді мектеп директоры Ләззат Құлтаева.

«Батырдың ерлігі – ел есінде...» атты мерекелік бағдарламасы аясында бастау алған іс-шарада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

Іс-шараға Қорғаныс министрлігі мен қалалық Білім басқармасының өкілдері, сондай-ақ педагогтер мен оқушылар қатысты.

Зарина Арман
Бөлісу: