Астанадағы мектеп тапшылығы проблемасы толық шешіледі - Есет Байкен

28 Қыркүйек 2023, 16:35 2696

Елорда халқының саны күн санап артып жатқанына байланысты мектеп тапшылығы мәселесі өткір болып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен бұл мәселе алдағы төрт жылда түбірімен шешіледі деп сендірді. Алдағы 4 жылда 177 мың оқушы орнына 65 мектеп салу және пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл қадам 2035 жылға дейін орын тапшылығы мәселесін толығымен жояды екен.

Елордада оқушы орындарының тапшылығы проблемасын шешу үшін шаралар қабылдануда. 2023 оқу жылында 16 мың орындық екі ауысымдағы 11 мектеп салынады. Оның төртеуі биыл пайдалануға беріліп, жұмыс істейді, 7 мектеп жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. 2024 - 2025 жылдары 69 мың орындық 30 мектепті пайдалануға беру жоспарланған.  «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 90 мың оқушыға арналған 24 мектеп, оның ішінде Нұра және Есіл аудандарында 15 мектеп салынады. Әкімдік мектеп құрылысын іске асыру үшін 20 қосымша жер учаскесін бекітті, - дейді әкімнің орынбасары Есет Байкен.

Айта кетейік, елордада статистикалық мәліметтерге сәйкес, 460 мыңнан астам бала бар. Оның ішінде балабақшаларда 66 мыңнан астам бала, мектептерде 260 мың балаға жуық, 34 мыңнан астам бала колледждерде оқиды. Елордада білім беру жүйесінде 337 мың баланы қамтып отырған 734 ұйым жұмыс істейді. Оның 236-сы - мемлекеттік, 488-і - жекеменшік болса, 171-і - мектеп, 525-і - балабақша, 11 қосымша білім беру ұйымы бар. Соңғы 4 жылда елордада 82 мың орындық 39 мектеп салынғанымен, мектептердегі орын тапшылығы 28 мыңнан астам.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: