Астанадағы хирургтар форумында тікелей эфирде 6 операция жасалды

23 Қыркүйек, 20:34 518

ҚР ПІБ Медициналық орталығы ауруханасының ұйымдастыруымен өткен «Заманауи хирургиядағы жоғары технологиялар» халықаралық ғылыми-практикалық форумы мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Екі күнге созылған конференцияға әлемнің алдыңғы қатарлы хирургтері келіп, тәжірибе алмасты. Атап айтсақ, конференциядға АҚШ, Қытай, Словения, Кувейт, Германия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстанның жетекші мамандары жиналды.

Екі күнгі форумға қатысушылар саны 2000-ға жетті. Тікелей трансляцияны 4 мыңға жуық адам тамашалады.

Сонымен қатар ҚР ПІБ МО ауруханасы, Үндістан мен Түркия ауруханаларының операциялық залдарынан тікелей трансляция жасалды. Конференция кезінде кардиохирургия, нейрохирургия және қантамыр хирургиясы бойынша жалпы 6 адамға тікелей эфир арқылы ота жасалып, оны жиналған мамандар бірлесіп талқылады.

Жиында хирургияның барлық бағыты қамтылды, яғни ересектер мен балаларды емдеу мәселелері бойынша бірнеше баяндама жасалды. Атап айтсақ, жалпы хирургия, урология, проктология, гинекология, кардиохирургия, нейрохирургия, қантамыр хирургиясы, интервенциялық хирургия, аритмология, оториноларингология, офтальмология, онкология сияқты барлық бағыт назардан тыс қалмады.

Германиядан келген нейрохирург, профессор Данэль Хенги болашақта астаналық әріптестерімен байланыста болғысы келетінін жеткізді.

Бүгін мен нейрохирургиялық секцияға қатыстым. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі әріптестермен тығыз байланыста болып, білгенімізді бөлісіп отыру аса маңызды деп ойлаймын. Бұл ғылым, нейроғылым және инновация үшін керек. Мен осындай форумдарға келгенде әріптестерімді, олардың жұмысындағы қызықты жағдайларды естіген сайын жаңа нәрсе үйренемін. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Осындай тамаша конференцияның мүшесі болғаныма қуаныштымын. Қазақстан, Астана ұнап жатыр. Болашақта әріптестеріммен тығыз байланысты болғым келеді, - деді профессор.

Ал Египеттен келген нейрорадиолог-дәрігер Ахмад мырза Қазақстанға екінші рет келіп тұр екен. Оның сөзінше 2019 жылмен салыстырғанда Қазақстандағы медицина әлдеқайда дамыған.

Менің нейрорадиология саласында жүргеніме 20 жыл болды. Кеше конференцияда «Механикалық тробоэктомия дәрежесі және АҚШ-тағы жүректің жедел ишемиялық ауруларын емдеу тәсілдері» тақырыбында баяндама жасадым. Дәрігерлер ишемиялық ауруларды дер кезінде анықтап, емдей алу үшін бірінші адамдар оның қандай күрделі ауру екенін түсінуі маңызды. Осы туралы айттым. Қазақстанға екінші рет келіп тұрмын. 2019 жылы Мыңжылқы Сайлауұлымен бірге Алматыдағы орталықта болған едім, Қазақстан қатты ұнаған. Осы жолы Қазақстандағы медицина жоғары деңгейде екенін, бір орында тұрып қалмай, дамып жатқанын көрдім. 2019 жылмен салыстырғанда айтарлықтай өзгерісті байқадым, - дейді нейрорадиолог-дәрігер Ахмад мырза.

Мамандар «Эндоскопия», «Оториноларингология, офтальмология», «Ортопедия», «Урология», «Кардиохирургия» секілді секцияларға бөлініп, түрлі жағдайларда қалай әрекет ету керегін бірлесіп талқылады.

Конференцияның алғашқы күні ҚР ПІБ МО ауруханасы мен Қытайдың Xuanwu Hospital серіктестік туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандум аясында екі елдің клиникалары нейрохирургия саласында клиникалық, ғылым және білім беру бойынша тәжірибе алмасып, серіктестік орнатады.

Сондай-ақ осы құжаттың арқасында эпилепсия ошағын анықтайтын Remebot роботы Қазақстанның барлық өңірі үшін қолжетімді болмақ.

Перизат Саденова
Бөлісу: