Астанадағы директорлар форумына 1200-ден астам басшы жиналды

21 Қаңтар, 11:35 965

Астанада өткен директорлар форумына білім беру ұйымдарының 1200-ден астам басшысы жиналды, деп хабарлайды Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап El.kz ақпарат агенттігі.

Министрліктің ұйымдастыруымен Назарбаев университетінің базасында «Заманауи мектепті басқару: трендтер және болашақ» тақырыбындағы форумында білім беру саласындағы өзекті мәселелер талқыланды. Оған Астана қаласы, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстары мемлекеттік мектептері директорлары қатысты.

TEDx форматындағы интерактивті сессияға қатысқан еліміздің бас ұстазы Ғани Бейсембаев отандық білім беру жүйесін дамытудың маңызды аспектілеріне тоқталып, кадрлық әлеуетті арттыруға ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Мемлекет басшысының қолдауымен төрт жыл ішінде педагогтердің жалақысы 100%-ға, яғни, екі есе өсті. 2023 жылдың қыркүйегінде мектепке дейінгі ұйымдардағы педагогтердің жалақысы 30%-ға өсті. Бұл бағыттағы жұмыстар, яғни, педагогтерді қолдау шаралары жалғасады. Осы жылдан бастап білім беру қызметкерлерін көтермелеу жүйесі, сондай-ақ білім беру ұйымдары басшылары мен олардың орынбасарларының жалақысы қайта қаралатын болады, - деді Оқу-ағарту министрі.

Оқи отырыңыз:

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінде министрлік ұлттық білім беру деректер базасын жетілдіру бағытында жұмыс жүргізуде. Онда білім беру ұйымы туралы мәліметтер, педагогтің жеке деректері, білім алушылардың үлгерімі мен білім сапасы және т.б. көрсетіледі.

Кездесуде қатысушылар үшін диалог алаңы ашылды. Онда жиынға қатысушыларға білім беру саласындағы бақылау және мониторинг іс-шараларының қорытындылары және биылға арналған жоспарлар туралы айтылды. Атап айтқанда: білім беру сапасын арттыру, инклюзивті және арнайы білім беруді дамыту, цифрландыру, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және басқалар.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін министр Алматы қаласы, Түркістан, Жетісу және Алматы облыстары мектептерінің директорларымен кездесулер өткізген болатын. Форум алдағы уақытта еліміздің басқа өңірлерінде де жалғасады.

Жансая Әділбек
Бөлісу: