01.11.2025
14:53
461
Астанадағы Cardiff University кампусы - ғылым мен технологияның орталығы

Астанадағы Cardiff University кампусы - ғылым мен технологияның орталығы

Ұлыбританияның ең беделді жоғары оқу орындарының бірі Cardiff University (Кардифф университеті) Қазақстанда өз кампусын ресми түрде ашты. Бұл - Russell Group деп аталатын элиталық университеттер альянсына кіретін оқу орындары арасында алғаш рет Қазақстанда ашылған шетелдік кампус, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

150 жылдық тарихтағы тарихи таңдау

Cardiff University президенті профессор Венди Ларнер атап өткендей, университеттің 150 жылдық тарихында алғаш рет шетелдік кампус ашу шешімі қабылданды және ол ел ретінде Қазақстанды таңдады.

Біздің жаңа кампусымыз - заманауи халықаралық университеттік орта. Мұнда оқу ғимараттары, зертханалар, студенттік жатақханалар мен жайлы кеңістіктер салынады. Біз қазақстандық жастардың әлемдік деңгейдегі білімді өз елінде, өз отбасынан алыстамай алуына мүмкіндік бергіміз келеді, - деді Венди Ларнер.

Жаңа кампус жасанды интеллект (AI), биотехнология және медицина салаларында мамандар даярлауға бағытталған. Бұл бастама Қазақстанның аймақтық білім және ғылым орталығына айналу, сондай-ақ білім экономикасын дамыту жөніндегі стратегиялық мақсатына толық сай келеді.

Ғылым мен беделдің үйлесімі

Кардифф университеті - әлемдік ғылыми қауымдастықта беделі жоғары оқу орны. Оның екі профессоры - сэр Мартин Эванс (медицина) және Роберт Хубер (химия) - Нобель сыйлығының лауреаттары. Бұл университеттің биомедицина және денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерін айғақтайды.

Университет сонымен қатар Қазақстанның биотехнологиялық және медициналық экожүйесін дамытуға атсалыспақ. Бұл бағытта AstraZeneca сынды жаһандық серіктестермен бірлескен жобалар жүзеге асырылады.

Жасанды интеллект орталығы және 300 грант

Қазақстандағы кампус аясында AI Learning and Innovation Centre for Excellence атты жаңа инновациялық орталық құрылды. Мұнда жасанды интеллект, цифрлық жүйелер және нейроэтика салалары бойынша мамандар даярланады. Орталыққа кез келген адам қатыса алады, ал Қазақстан Үкіметімен жасалған келісім бойынша 300 мемлекеттік грант бөлінген. Оқу бағдарламалары британдық стандарттарға негізделіп, қазақстандық контекстке бейімделген.

Turing Fellow профессор Гэвин Шэддик - Қазақстанда

Университет Қазақстанға әлемге танымал ғалым - профессор Гэвин Шэддикті жіберді. Ол Cardiff University проректоры (Pro Vice-Chancellor), Алан Тьюринг институтының Turing Fellow стипендиаты және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаһандық ауа сапасы жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі.

Профессор Шэддик жетекшілік еткен DIMAQ (Data Integration Model for Air Quality) моделі БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарына енгізілген. Оның айтуынша, Cardiff University Қазақстанмен бірге жасыл технологиялар, экологиялық мониторинг және тұрақты даму салаларында да жобалар іске асырады:

Біз жасанды интеллект тек адамдарға емес, табиғатқа да пайда әкелетін экожүйе құруды көздейміз.

Бакалавриат, магистратура және ашық онлайн платформа

Cardiff University Kazakhstan қазірдің өзінде жасанды интеллект бойынша бакалавриат бағдарламасын ашты. Ал 2026 жылдың қаңтар айында AI & Data Science магистрлік бағдарламасы іске қосылады.

Сонымен қатар, университет кез келген адамға қолжетімді «From Zero to Hero» атты онлайн-платформаны ұсынды. Бұл платформада қатысушылар заманауи цифрлық дағдыларды - қарапайым негіздерден бастап кәсіби деңгейге дейін - меңгере алады.