07.05.2025
17:40
1755
Астанадағы әскери шеру ел рухын көтерді

Астанадағы әскери шеру ел рухын көтерді

Бүгін Астанадағы «Қазақ елі» алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери шеру өтті, деп хабарлайды  El.kz ақпарат агенттігі.

Салтанатты іс-шараға Президент Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен елімізге мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам қатысты.

Алаңда 4 мың әскери қызметші салтанатпен сап түзеп, адымдап өтті.

El.kz Артем ЧУРСИНОВ 

Шеру өтетін жерде қауіпсіздік пен бақылау шаралары күшейтілген.

El.kz Артем ЧУРСИНОВ 

Әскери шеруге 5 мыңнан астам көрермен жиналды. Оған Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери іс-қимылдардың ардагерлері, ҚР Қарулы Күштерінің үздік бөлімшелері, құрмет қарауыл роталары, ҚР Қарулы Күштерінің, өзге де әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери құқық қорғау органдарының және т.б. ардагерлері шақырылды.

El.kz Артем ЧУРСИНОВ 

Бүгінде елімізде 105 соғыс ардагері бар, олардың арасынан осы шеруге арнайы шақыртылған тыл ардагерлері де келді.

Солардың бірі Қосшы қаласында тұратын тыл ардагері Ғарифолла Сағындық:

Қазақтың көрмеген қиыншылығы жоқ қой. Енді, міне, бөлек мемлекет болып, өз бетімізбен өмір сүріп жатырмыз. Еліміз тыныш болсын деймін. Құдайға шүкір, бәрі жаман емес. Президентімізге де, премьер-министрімізге де денсаулық берсін. Аудан әкімі бізді осында жіберіп отыр. Қосшыда жатсам да, анда-санда ауылға барып тұрамын, - дейді қария.

Тыл ардагерінің сөзінше 90-жылдық мерейтойында арнайы шақырып, сый-сияпат көрсеткен.

Қазір 90-ға келіп отырмын. Соны ескеріп, осы әскери шеруге арнайы шақырып отыр, - дейді ақсақал.

Алматы қаласынан арнайы келген ауған соғысының ардагері Болат Құрамысовтың сөзінше өз әкесі 1945 жылы соғысқа қатысқан.

Ертең – Жеңіс күні. Бұл да бір мейрам. Өзімнің әкем соғысқа қатысқан. 1945 жылы елге оралып, кейін Жапониямен соғысқа аттанған. 1949 жылға дейін соғыста жүріп, елге аман оралды. 87 жасына дейін өмір сүрді, марқұм болды.Міне, енді өзім де сексенге келіп қалдым. Ауған соғысына қатысып, он жылдай сол майданның отын кешіп келдім, – дейдң ауған ардагері.

Құрлық әскерінің бас қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев әскери шеруге дайындық жоспарға сәйкес толық орындалғанын айтты.

1 сәуірден басталған дайындық 4 мамырда аяқталды. Бұл еліміз үшін өте маңызды парад болды. 4 мыңнан астам әскери қызметші қатысты, оның ішінде 100-ден астамы әйелдер, 200 техника, 66-ұшақ аппараттары қатысты, – деді бас қолбасшы.

Әскери шеруге қатысқан көп балалы ана Айдана Айтқұлова екі ай бойы күнделікті 6-7 сағатты осы дайындыққа арнағанын айтады.

Басында қиын болса да, кейін үйреніп кеттік. Әскери шеруге биыл бірінші рет қатысып отырмын. Өте қуаныштымын. Әрі көп балалы анамын. Үйде бала-шағам күтіп отыр. Бүгін үйіме қайтамын, – дейді.

Генерал-майор Асқар Мұстабековтың айтуынша, елімізде әскер қатарында жүрген сарбаздардың бойында патриоттық үлкен рұх бар.

Ертеңгі күні отан қорғаушылар патриоттық тәрбие алып жатыр деп айтуға болады. Елімізді оларға сеніп тапсыруға болады. Жылдың басында мемлекет басшысы Жеңістің 80 жылдығын ерекше атап өткен болатын. Осыған орай көптеген шаралар өтті. Соның ең ауқымдысы – бүгінгі әскери шеру», – деді генерал.