Елорда маңындағы «Жасыл белдеу» саябағында маусымның алғашқы бұқаралық велошеруі өтті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы қалалық спорт басқармасы мәлім етті. Іс-шараны спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырды.
500-ге жуық қатысушы Қосшыға қарай айналма веложолдан басталған 25 шақырым қашықтықты бағындырып, Үркер елді мекеніне барар жолдағы «Жасыл белдеу» саябағында мәреге жетті.
Сурет: спорт басқармасы
Бұған дейінгі шарада 300-дей ғана қатысушы жиналса, осы жолы 500-ге жеткеніне куә болып отырмыз. Қала тұрғындарының бұқаралық спортқа деген қызығушылығы артып жатқанына қуаныштымын. Осындай спорттық шараларда сіздер өзіңіз секілді жандармен танысып, «Жасыл белдеуміздің» керемет әсерін сезіндіңіздер деп ойлаймын, — деді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Исламбек Байманов.
Жарысқа велосипеді бар кез келген жастағы әуесқой спортшы қатыса алады. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталмыш шара спорттық жарыс болып саналмайды. Велошерудің басты мақсаты — салауатты өмір салтын насихаттау және велоспортпен белсенді айналысуға шақыру.
Бұқаралық велошеру аяқталған соң мәреге тіркелген велосипедшілер арасында 10 велосипед және брендтік сертификаттары ойнатылып, палау мен ыстық шай ұсынылды.