Астанадағы 30 ерекше балаға велоспортпен жүйелі түрде айналысуға жағдай жасалды

16 Қараша, 11:38 444

Астанада ерекше қажеттілігі бар 30 балаға велоспортпен жүйелі түрде айналысуғамүмкіндік берілді. Оларға киім-кешек, құрал-жабдық, велосипедтер мен көліктер сатып алынып, «Сарыарқа» велотрегінде жаттығулар ұйымдастырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Игілікті іс «Самұрық-Қазына» АҚ қолдау көрсеткен «Велоспорт - баршаға» жобасының арқасында қамтамасыз етілді. Жоба аясында 16 қарашада қор басшылығы мен балалардың бірлескен жаттығуы өтті.

Жаттығуды жақында ғана бастасаңыздар да, қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жатырсыздар. Команданың бір бөлігі Астана құрамасына енгенін білемін. Ал тәлім алушылардың бірі Дастан Ордабай Францияда өткен беделді жарыста күміс жүлдегер атанғанын естіп қуандық, - деп атап өтті «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Айта кетейік, ерекшелігі бар Дастан Ордабай 13-14 қыркүйекте Францияда өткен Virtus Cycling Open Time Trial жарысында 17,3 шақырымдық жекелей жарыста күміс жүлдені қанжығасына байлаған болатын.

Мұндай жобаның ерекше балаларға берері мол екенін ата-аналар да айтты.

 

Бүгін  «Самұрық-Қазына» АҚ өкілдері біздің ерекше балалармен бірге жаттығу өткізіп жатыр. Немерем қыркүйектен бері осында жаттығып жүр. Бұрынғыдай емес денесі де шымырланып, ширай түсті. Жаттығуға деген құлшынысы артып, осында келуге асығады. Алдағы уақытта біз де жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінеміз деген үміттеміз, – деді немересін жаттығуға әкелген Ырысты апамыз.

Сондай-ақ, қор ерекше балаларды тәрбиелеу мен әлеуметке ықпалдастыруға қатысты жобаларды үнемі қолдайтынын жеткізіп, оңалту орталықтарын, мектептерде инклюзия кабинеттерін, тегін спорт секцияларын ашып, ауылдарда спорт алаңдарын, өңірлерде ірі спорт кешендерін салып жатқандарын айтып, спортты балаларға қолжетімді етуді мақсат қылғандарын да мәлімдеді.

Іс-шара қорытындысында балаларға 30 велосипедтің сертификаты мен жаңа көліктің кілтін табыс етілді.

Ынтымақ Толқын
Бөлісу: