Астанада Бейбітшілік және келісім аллеясы ашылды

13 Маусым 2017, 09:07 5650

Бейбітшілік және келісім энергиясы

Ажары күн сайын түрленген елордамыз тағы бір әсем аллеямен толықты. EXPO саябақ аумағында Қазақстан халқы Ассамблеясының Бейбітшілік және келісім аллеясы ашылды. Жаңа мәдени нысанның салтанатты ашылуы Ассамблеяның «Бейбітшілік және келісім энергиясы» шарасы аясында өтті.

Жасыл желекке көмкерілген аллеяның аумағы Ұлы Дала Елi көшесінен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы монументіне дейін созылып жатыр.

Ашық аспан астында өткен аллеяның ашылу рәсімінде этномәдени бірлестіктер мен шығармашыл жастардың театрландырылған шеруі өтті. Ал, қолданбалы және қолөнер шеберлерінің «Шеберлер ауылы» көрме-жәрмеңкесі шаһар қонақтарының назарына түрлі қолөнер бұйымдарын ұсынды.

Форумның соңында Мемлекеттік хатшы бейбітшілік және келісім энергиясы ғаламшардағы ең таза әрі игілікті энергия екенін атап өтті.

«Бүгін біз EXPO-2017 аумағында Қазақстан халқы Ассамблеясының әлемдегі ең таза энергия тарататын келісім мен бейбітшілік аллеясын ашудамыз. Осы аллеяға табаны тиген әрбір мейман еліміздің қонақжайлылығын, жылулығын, мейірімділігін өзімен бірге ала кетсін деп тілеймін», - деді ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова.

Қазақстанда 39 Достық үйі жұмыс істейтінін айта кетейік. Бір шаңырақ астында 100-ден аса ұлт пен  ұлыс өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Астана даласын әсем ән мен думанға бөлеген этномәдени бірлестік өкілдері достық, бауырмалдық ұғымын тағы бір мәрте нығайта түскендей.

Шара «Алға, Қазақстан!» флешмобымен аяқталды. 

Бөлісу: