Астанада «Мəңгілік ел» халықаралық конференциясы өтті

29 Қыркүйек 2015, 06:00

Назарбаев университетінде «Мəңгілік ел» халықаралық конференциясы өтті.

Назарбаев университетінде «Мəңгілік ел» халықаралық конференциясы өтті. Конференцияға əлемнің 22 елінен келген жетекші ғалымдар мен мемлекет жəне қоғам қайраткерлері, дипломатиялық миссия басшылары, Қазақстан Республикасының Парламенті депутаттары, мəдениет жəне өнер қайраткерлері қатысты.

Конференцияға Əзірбайжан, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Израиль, Индия, Испания, Италия, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Беларусь, Тəжікстан, Ресей, АҚШ, Түркия, Өзбекстан, Украина, Франция жəне Швейцарияның танымал ғалымдары келді.

Ғылыми конференцияны Қазақстан Республикасының Мемлкеттік хатшысы Гүлшара Əбдіқалықова ашты. Ол ҚР Президенті Н.Ə. Назарбаевтың құттықтау сөзін оқыды.

Мемлекет басшысының құттықтауында Қазақ хандығы құрылуының 550 жылдығын бүкіл халық болып мерекелеу – бір шаңырақ астында өзара келісімде өмір сүріп жатқан барша қазақстандықтардың бірлігінің жарқын көрінісі екені айтылған.

«Біз өткенімізді мақтан тұтамыз және ата-бабаларымыздың сан ғасырлық армандарын ақиқатқа айналдыра отырып, олардың асыл мұраларын қастерлейміз. «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясы тарихи сананың берік іргетасына сүйенеді. Бұл – қазақстандық патриотизмнің маңызды қыры. Қазақстандық тарихшылардың Қазақ хандығы құрылуының, қалыптасуы мен дамуының тарихи үдерісіне, халқымыздың тарихи жолына терең талдау жасап, зерттеу жұмыстарын жалғастыра беруі маңызды» делінген құттықтауда.

Тұрсын Жұртбай:

Қазақ хандығының құрылғанына 550 жылдығын тойлау – бұл біздің тәуелсіздігімізді бекіту деген сөз. Сонда біз қайдан шықтық дегенде ешқандай қысылып-қымтырылмай «Біз Алтын Орданың мұрагеріміз» деу керек. Ал, одан арғы көшпенді дүниені дәлелдеу ол – екінші мәселе. Бүгінгі біздің дәлелдейтініміз – қазақ хандығы Алтын Орданың орнындағы ең соңғы хандық және орысқа бағынған Алтын Орда құрамындағы ең соңғы хандық екендігін, яғни қазақ хандығы Алтын Орданың немесе Жошы ұлысының заңды мұрагері екендігін дәлелдеу. Алдағы дүбірлі тойда осы пікірді түбегейлі дәлелдеп алуымыз керек. Иә, Қазақ хандығының құрылу тарихы оған қатысты Керей, Қасым, Бұрындық, Кенесарыға дейінгі дәуір айтылу керек, дегенмен де біз концепция тұрғысынан алғанда кімбіз, қайдан пайда болдық осыны түбірлеп алу керек. Менің ойымша, қазіргі қазақ тарихшыларының алдында тұрған ең басты міндет осы. Сонда біз әлемге  империяның мұрагері ретінде қабылданамыз.  «Империяның мұрагері ретінде қабылданамыз» деген сөз ол – ежелден заңды мемлекеттің жалғасы екендігін айшықтайды.  

Конференция бағдарламасы 4 секцияға бөлініп, «Қазақ хандығы және Н.Ә. Назарбаевтың «Мәңгілік ел» идеясы, «Қазақ хандығынан – Қазақстан Республикасына дейін: тың деректер, жаңаша тұжырымдамлар», «Қазақ құқығы мен билер сотының әлем өркениетіндегі орны», Тәуелсіз қазақстанның қазіргі әлемдегі орны» атты тақырыптарда жүргізілді.   Секциялар жұмысына танымал ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студент жастар қатысты.

Бақытгүл АБАЙҚЫЗЫ

Сурет Bnews.kz

 

Бөлісу: