Астанада Наурызды мерекелеу күндері жүргізушісіз автокөліктің демонстрациялық жүрісі өтті. Бұл жоба қалалық бағдарлама аясында ұйымдастырылып, қонақтардың технология дамуына деген қызығушылығын арттырды, деп хабарлайды El.kz Астана әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Көрсетілім мерекелік іс-шаралар өтетін алаңдардың бірінде ұйымдастырылды. Автономды көлікті Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің Лу Бань шеберханасы әзірлеген. Орталық мамандары басқару жүйесін өздері бағдарламалап, көлік қозғалатын бағытты да дербес жасаған.
Демонстрация салалық министрліктің қатысуымен және қалалық құрылымдардың қолдауымен өтті.
Көрермендер жүргізушісіз жүйенің нақты жағдайда қалай жұмыс істейтінін көріп, мұндай шешімдердің қалалық ортада қолдану мүмкіндігін бағалады.
Жүріс барысында автокөлік навигация, деректерді өңдеу және инфрақұрылым элементтерімен өзара әрекеттесу функцияларын көрсетті.
Бұл – «ақылды қала» тұжырымдамасы аясында қолдануға болатын және болашақта көлік жүйесінің бір бөлігіне айналуы мүмкін технологиялар.
Әзірлеушілер жүргізушісіз шешімдерді күнделікті өмірге енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Олардың қатарында автономды көліктерді қалалық такси ретінде пайдалану және зияткерлік көлік сервистерін дамыту бар.
Биыл елордада Наурыз мерекесі цифрлық технологияларға басымдық берілген кеңейтілген форматта өтіп жатыр.
Мұндай көрсетілімдер дәстүрлі мерекелік іс-шараларды заманауи әзірлемелермен ұштастырып, тұрғындарды жасанды интеллект мүмкіндіктерімен таныстыруға бағытталған.