Астанада «Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесі мен қараңғылықта концерт өтті

28 Қараша 2022, 19:48 2180

Іс-шараға қонақ ретінде белгілі әншілер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты

Мәдениет және спорт министрлігі қолдауымен Тәуелсіздік және Халықаралық мүгедектер күніне орай «Мирас-А» қайырымдылық қорының ұйымдастыруымен «Жүрекпен көремін» атты шығармашылық көрме мен қараңғыда концерт өтті, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

«Мирас-А» қайырымдылық қорының директоры Камшат Үсенқызы «SEZIN» қайырымдылық жобасының аясында өткен көрменің мақсатына тоқтала кетті.

««Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесінің мақсаты – келушілердің бойындағы уайымынан арылып, суреттерді жүрегімен сезіндіру. Себебі олар алдымен маска кию арқылы суретті көзбен көрмей, тек аудиодискрипциясын тыңдайды. Содан кейін барып елестеткен картинаның бейнесін көре алады», – деді ол.

«Жүрекпен көремін» шығармашылық көрмесінің ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақпал Мыса сөз сөйледі.

«Бүгін керемет көрменің өтетінін естіп, қуана-қуана жеттім. Іс-шараға қатысып, оның әсерін сезінуге келдім. Мұндай маңызды шараларды мемлекет тарапынан болсын, азаматтық қоғам тарапынан болсын қолдауымыз қажет», – деді депутат.

Аталған көрме әрмен қарай қараңғыдағы концертке ұласты. Ол қараңғыда өтетін жаңа форматтағы жоба. Кеште көз жанарынан ерекше қабілетті жандар арасындағы үздік әншілер музыкалық туындыларын орындады.

«Нұрдана Арғынұлымен бірге 2019 жылдан бері дует болып ән шырқап жүрміз. Концертке қатысу үшін арнайы Талдықорған қаласынан келдік. Концертте өзімнің авторлық әндерім мен Нұрданамен «Аңсаймын жарық күнді» әнін шырқап шықтық», – деді әнші Алғысбек Дәуенұлы.

Іс-шараға қонақ ретінде белгілі әншілер, кәсіпкерлер, қоғам қайраткерлері қатысты.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: