Астанада жолаушыларды тасымалдау ережесі өзгерді

7 Қазан 2022, 15:11 2430

Жаңа өзгерістер 15 қазаннан бастап күшіне енеді

Астанада автомобиль көлігімен жолаушылар мен жүкті тасымалдау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Үкімет қаулысы шықты, деп хабарлайды El.kz

Енді жолаушылар мен жүкті тұрақты және тұрақсыз автомобильмен тасымалдауды, сондай-ақ таксимен тасымалдауды жүзеге асыратын көліктің салондарында темекі өнімдерін, оның ішінде қыздырылатын темекі бұйымдарын, кальянға арналған темекіні, кальян қоспасын, темекіні қыздыруға арналған жүйелерді, электронды тұтыну жүйелері және оларға арналған сұйықтықтарды қолдануға тыйым салынады.

Ереже жолаушылар мен жүкті тұрақты және тұрақты емес автомобильмен тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушылар тасымалдауды ұйымдастырушыға көліктің орналасқан жері туралы ақпаратты ұсына отырып, көлікті спутниктік навигациялық аппаратпен жабдықтауды қамтамасыз ететіні туралы тармақпен толықтырылды.

Такси көліктеріне қойылатын мына талаптар алынып тасталды:

– Астананың көлік органы бекіткен үлгі бойынша бір түсті гаммада болуы;

– Жол полициясы басқармасында тұрақты тіркеуде тұру;

– Тоқсан сайын мемлекеттік техникалық бақылаудан өту;

– Таксиге тапсырыстарды қабылдау бойынша диспетчерлік қызметтер өтініш беру арқылы Астананың көлік органының тізілімінде тіркелуге міндетті.

Тұрақты қалалық автомобиль тасымалында пайдаланылатын көліктер үшін кабинада диспетчерлік сүйемелдеудің және жолаушылар ағынын есептеудің автоматтандырылған жүйесі құрылғыларының болуы туралы талап алынды.

Бөлісу: