Денсаулық сақтау министрлігі, Астана қаласының әкімдігі және Yandex Qazaqstan компаниясы бірлесіп, елорда тұрғындарына жедел жәрдем көлігінің қозғалысын нақты уақыт режимінде қадағалауға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық сервисті пилоттық режимде іске қосты, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Жүйе жеделдіктің бірінші санаты бойынша шақырту түскен жағдайда жұмыс істейді. Мұндай жағдайда науқас немесе өтініш беруші SMS-хабарлама арқылы интерактивті картаға сілтеме алады. Картаны ашу арқылы жедел жәрдем көлігінің бағытын нақты уақытта бақылауға болады.
Бұл жаңашыл шешім:
шұғыл қызмет жұмысының ашықтығын арттыруға,
азаматтардың уайымын азайтуға,
және диспетчерлік қызметке түсетін жүктемені төмендетуге бағытталған.
Астана қаласы жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, диспетчерлер тәулігіне 6000-ға дейін қоңырау қабылдайды. Оның шамамен 40%-ы — жедел жәрдемнің келу уақытына қатысты қайталама қоңыраулар. Жаңа автоматтандырылған хабарландыру жүйесі бұл көрсеткішті едәуір азайтып, ресурстарды нағыз шұғыл шақыртуларға бағыттауға мүмкіндік береді.
Жоба әзірге Астанадағы жеделдіктің бірінші санатындағы кейбір шақыртуларға қолжетімді. Алдағы уақытта бұл жүйені бүкіл Қазақстан бойынша кеңейту жоспарланып отыр.
«Жедел жәрдем көлігінің қозғалысын нақты уақытта көру — азаматтардың алаңдаушылығын төмендетіп қана қоймай, шұғыл жағдайларға дайындықты жақсартуға көмектеседі. Мәселен, ауладағы шлагбаумды алдын ала ашу немесе пациенттің құжаттарын дайындау сияқты әрекеттерге мүмкіндік туады», – деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Цифрлық шешім Yandex Картаның JavaScript API платформасы негізінде жүзеге асырылған.
Министрлік бұл жүйені денсаулық сақтау саласындағы ашықтықты арттыру, қызметтің жылдамдығын күшейту және азаматтардың өмір сапасын жақсарту жолындағы кезекті қадам ретінде бағалап отыр.