Астанада жасы 80-нен асқан әжелер этноауылдағы көрмеге өз бұйымдарын қойды

10 Қыркүйек, 00:45 420

Астанада 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көрмесінде 80 жастан ашқан әжелер клубы мен «Қолдан жасалған сыйлықтар» үйірмесінің әжелері жасаған ұлттық нақыштағы бұйымдар қала қонақтары арасында үлкен сұранысқа ие болып отыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана қаласы әкімдігінің Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының шебер әжелері 7-13 қыркүйек аралығында этноауылда өтетін көрмеге өз қолдарымен жасаған бұйымдарын қойды.

Астаналық зейнеткерлер этноауылда өтіп жатқан Республикалық жәрмеңкеде әр өңірден келген шеберлермен бірге белсене атсалысуда.

Көрмеде шебер әжелер кимешектер, орамалдар, шапандар, тақиялар, кілемшелер, көрпешелер, сөмкелер, алқалар, ұлттық қуыршақтар, асық, торсық, тұмарлар сияқты кәдесыйлар мен тағы басқа ұлттық бұйым түрлерін ұсынды.

Сонымен қатар, он саусағынан бал тамған астаналық ісмер әжелер 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қонақтары мен көрермендерін өз өнерлерімен таңқалдырып, ұлттық кәдесыйларды ерекше талғаммен әзірлей білді. Әсіресе, жүннен жасалған суреттер, жылқы пано, алтыбақан, шаңырақ, шығыршық-салпыншақтар ерекше сұранысқа ие болды.

Айта кетейік, 7-9 қыркүйек аралығында көрмеге қойылған бұйымдарды Байқоңыр мен Сарыарқа аудандарының әжелері арт-терапия үйірмелерінің жетекшілері Балым Сапарханқызының мен Жібек Жайкенованың, Альфия Чернятевичтің жетекшілік етумен жасады.

Перизат Саденова
Бөлісу: