Астанада жас педагогтарға арналған әдіскерлер форумы өтіп жатыр

Бүгiн, 19:09 145

Елордада «Әдістемелік орталықтарды трансформациялау: даму векторы және қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайындағы стратегиялық рөл» тақырыбында әдіскерлердің II республикалық форумы басталды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Астана әкімдігінің ресми сайтының жазуынша, іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 60-қа жуық әдіскер қатысты. Оған Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің, Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының, сондай-ақ республикалық маңызы бар қалалар мен облыстардың білім басқармаларының өкілдері де келген. Аталған форумның мақсаты – әдістемелік орталықтардың қызметін жетілдіруге қатысты өзекті мәселелерді талқылау және әдістемелік жұмыстың сапасын арттыруға бағытталған ұсыныстар әзірлеуге бағытталып отыр. 

Форумның пленарлық сессиясы аясында Оқу-ағарту министрлігі Орта білім комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев Қазақстандағы білім беру жүйесінің дамуы туралы негізгі статистикалық деректерді ұсынды, сондай-ақ жалпы елде де, жекелеген өңірлер бойынша да білім беру сапасының көрсеткіштері туралы егжей-тегжейлі хабардар етті.

Астана қаласы әкімдігінің әдістемелік орталығының басшысы Сындар Дауешова өз сөзінде бұл іс-шараның миссиясы әдіскерлердің біліктілігін арттыру болып саналатынын, бұл өз кезегінде сапалы оқытуға ықпал ететінін атап өтті.

Мұндай бастамалар жас педагогтар үшін жаңа көкжиектер ашады және елордалық білім беруді одан әрі дамыту үшін сенімді негіз қалыптастыра отырып, олардың шығармашылық бастамаларын қолдайды, - деп толықтырды спикер.

Айта кетейік, II Республикалық әдіскерлер форумы елордада 28-30 қараша аралығында өтеді. Ертең педагогикалық хакатон өтеді деп күтілуде. Мұндай форматта алғаш рет фасилитацияланған сессия ұйымдастырылады, онда қатысушылар әдістемелік орталықтардың қызметін одан әрі трансформациялау бойынша ұсыныстармен жұмыс істей алады.

Зарина Арман
Бөлісу: