Конституцияның 30 жылдығына орай елордада «Бағыстан» тұрғын үй кешенінде заманауи кітапхана салтанатты түрде ашылды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Кітапхананың ашылу рәсіміне ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалының атқарушы хатшысы Мұхаммед Болысбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, елорда мәслихатының депутаттары, сондай-ақ мәдениет саласының өкілдері мен кітапхана қызметкерлері қатысты.
Қонақтар кітапхана залдарын аралап, кітап қорымен танысты, оқу залын көрді және алғашқылардың бірі болып абонемент алып, кітапханаға жазылды. Іс-шара аясында Конституцияның 30 жылдығына арналған «Айбары асқақ Ата Заң» атты кітап көрмесі өтті.
Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапхана жүйесі» КММ директоры Гүлбадан Мәдібаева жаңа орталық тұрғындар үшін маңызды орынға айналатынын атап өтті.
Оның айтуынша, тұрғын үй кешенінде 5 мыңнан астам адам тұрады.
Қорда 3 мыңнан астам кітап бар. Жыл сайын 2-3 мың оқырман қабылдауды жоспарлап отырмыз. Бір мезетте мұнда 30 адамға дейін қызмет көрсетіледі. Барлық қызмет тегін: оқырмандар кітаптарды орнында оқи алады немесе үйге алып кете алады. Компьютерлермен жабдықталған мультимедиялық зал жұмыс істейді, интернет пен Wi-Fi да тегін. Бұл – жастар мен қала тұрғындары үшін үлкен мүмкіндік, - деді ол.
Кітапхананың жалпы аумағы шамамен 150 шаршы метрді құрайды. Мұнда төрт қызметкер еңбек етеді. Кеңістік «абонемент», мультимедиялық және оқу залдарына бөлінген. Мұнда поэзия сүйер қауым клубы, қолөнер үйірмесі, тарихты зерттеу секциясы, сондай-ақ мектепке дайындық үшін балаларға арналған әдеби-танымдық үйірме жұмысын бастайды.
Астана қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Жанабай Мейірманқұлов жаңа кітапхананың елордадағы 23-ші кітапхана екенін атап өтті.