Астанада жаңа әуежай салынады: ол қай жерден бой көтермек?

Астанада жаңа әуежай салынады: ол қай жерден бой көтермек?

01.07.2026 12:10
Ажар Лаубаева
Фото: El.kz

Астанада жаңа әуежайдың құрылысы келесі жылы басталады деп жоспарланып отыр. Бұл туралы Үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, алдағы 3 жыл ішінде Қазақстандағы әуежай инфрақұрылымын кешенді жаңғырту жұмыстары жүргізіледі.

Астана әуежайын жаңғырту – басты міндет. Қала әкімдігі қажетті дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр, құрылысты келесі жылы бастау жоспарланған, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Оның сөзінше, елде алты ірі әуе айлағын дамытуға басымдық беріліп отыр. Сондай-ақ жүк авиациясын дамытуға арналған бес жылдық жоспар әзірленген.

Жүк авиациясын дамыту еліміздің транзиттік әлеуетін күшейтіп, халықаралық логистикадағы мүмкіндіктерін кеңейтеді. Осыған байланысты мемлекет тарапынан қажетті шешімдер қабылданды, – деді министр.

Фото: Артем Чурсинов

Президент: жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет 

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының бірлескен отырысында Астанада жаңа әуежай салу мәселесіне тоқталып, бұл жобаның авиация саласы мен көлік инфрақұрылымын дамыту үшін стратегиялық маңызға ие екенін айтқан болатын.

Мемлекет басшысы елордада жаңа әуежай салу кезек күттірмейтін міндет екенін атап өтті.

Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізілуде. Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу – кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз,– деді Президент.

Фото: Артем Чурсинов

Жаңа әуежай қайда салынады?

Қазіргі уақытта жаңа әуежайдың нақты орналасатын жері әлі анықталған жоқ. 2025 жылдың желтоқсанында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың бас жоспарында жаңа әуежай құрылысына арналған перспективалы учаскелер қарастырылғанын мәлімдеген болатын.

Ал биыл 15 мамырда қала әкімінің орынбасары Ерсін Өтебаев бірнеше ықтимал орын қарастырылып жатқанын айтты. Олардың қатарында Қосшы бағыты, сондай-ақ Қарағанды және Павлодар тасжолдары маңындағы аумақтар бар.

Кейін Астана әкімдігі жаңа әуежайдың орналасатын жеріне қатысты түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын хабарлады.

Оқи отырыңыз