11.10.2025
19:27
358
Астанада жалпықалалық сенбілікке 1000-ға жуық спортшы қатысты

Астанада жалпықалалық сенбілікке 1000-ға жуық спортшы қатысты

«Таза Қазақстан. Астана – тазалық пен тәртіптің үлгісі» атты экологиялық акция аясында 11 қазан күні елордада кең ауқымды сенбілік өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.

Бұл іс-шараға 1000-ға жуық елордалық спортшы, бапкерлер және спорт мектептерінің ұжымдары қатысып, қаланың бірнеше аумағын тазартуға өз үлестерін қосты, деп хабарлады қалалық әкімдіктің ресми сайты.

Атап айтқанда, қазақ күресінің майталмандары, хоккейшілер, боксшылар, ауыр атлеттер, құсбегілер, тоғызқұмалақ, самбо және теннис спортшылары Ғашықтар саябағы аумағын қоқыстан тазартты. Ал өзге топтар Тәуелсіздік көшесі бойындағы №4 спорт мектебінің аумағы мен Ақбұлақ өзенінің есу каналы маңын күл-қоқыстан тазартып, сенбілік іс-шарасын жалғастырды.

Бүгін біз жалпықалалық сенбілікке шықтық. Мектебімізде санитарлық тазалау, көгалдандыру және қоқыс жинау мақсатында мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылып тұрады. Жалпы, сенбіліктер тұрғындардың қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық мәдениет қалыптастыруға және қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға зор үлес қосады, - деді бокстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Есенбек Сағындық.

Сенбілікке қатысқандардың қатарында ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Азия чемпионатының күміс жүлдегері Аңсар Тұрсынбек, бокстан Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері Есенбек Сағындық, бокстан қалалық және республикалық жарыстардың жүлдегері Иманғали Қайратұлы, қазақ күресінің спортшысы Ерсаян Жарқынұлы, самбошы Айлан Қуандыкова, сондай-ақ Астана қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит болды.

Экоакцияның басты мақсаты – елорданың тазалығын сақтауға қоғам назарын аудару және экологиялық мәдениетті дамыту. Бүгін біз спортшылармен бірге қаланың бірнеше аумағында сенбілік ұйымдастырдық. Әсіресе, қаланың сырт жағындағы бірқатар дене шынықтыру және спорт кешенінің аумағында, соның ішінде «Арғымақ» ат спорт кешенінде, «Дәулет» теннис орталығында, хоккей спорт мектебінде және басқа да нысандарда жұмыстар жүргізілді. Осы мекемелердің спортшылары, бапкерлері мен қызметкерлері өз аумақтарын жинап, ағаш отырғызды. Бәрі сенбілікке белсене қатысып, өз үлестерін қосты, - деді Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит.