Астананың Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы 7 қазанда Есіл өзеніне 200 мыңдай балық жібереді, деп хабарлайды El.kz қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Бұқтырма уылдырық шашу-өсіру шаруашылығының инкубациялық цехтарынан: 100 мың ақ амур және 96 мыңнан астам тұқы балығын өзенге шығару жоспарланып отыр.
«Ақ амурды көбінесе «шөп тұқы» немесе «табиғи мелиоратор» деп атайды. Ол сазан тұқымдасына жатады. Жоғары өсу жылдамдығымен ерекшеленеді – жыл сайын шамамен 10 см. Ірі балықтардың ұзындығы – 1 м 20 см, салмағы – 30-32 кг жетеді.
Ақ амур – шөпқоректі, ол су және жер өсімдіктерімен қоректенеді. Егер тоғанда шөп жеткіліксіз болса, оны суға арнайы лақтырады. Жас балықтар қан құрттарымен және шаян тәрізділермен қоректенеді, ал жетілгеннен кейін өсімдік тағамына ауысады.
Тұқы – еті дәмді болғандықтан, тұтынушылардың жоғары сұранысына ие тұщы су балығы. Бұл балық көп қоректенеді және тез өседі. Олар қамыс өсінділері, балықтар мен бақалардың уылдырығы, құрттар, шаян тәрізділер және жәндіктерді қорек етеді. Тауарлық тұқы салмағы – 1250-1500 г. Ұзындығы – 39-41 см. Ол таза суда да, тұщы суда да өмір сүре алады», - деді басқармадан.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, балықтар өзенге арнайы жабдықталған автомобильдермен жеткізіледі.
Балық жіберу процесі Астана әкімдігі мен мәслихаты, Есіл облысаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы, су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Есіл бассейндік инспекциясы, Астана қаласы бойынша Экология департаменті және «Қазақрыбхоз» балықшылар қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығы өкілдерінің комиссиялық құрамының бақылауымен жүзеге асырылады.