Бүгін елордада биыл оныншы рет ұйымдастырылған WorldSkills Kazakhstan ұлттық чемпионатының салтанатты жабылу рәсімі өтті. Дәстүрлі дода жас мамандарды, педагогтерді және түрлі саланың кәсіпорын өкілдерін біріктіріп, елдегі кәсіби білікті кадрлардың әлеуетін танытатын маңызды алаңға айналды.
Чемпионатқа техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының білім алушылары қатысып, өз құзыреттіліктері бойынша бақ сынады.
Марапаттау рәсімінде Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова қатысушылардың кәсіби шеберлігін ерекше атап өтіп, олардың жаңа технологияларды меңгерудегі ынтасына жоғары баға берді.
Биылғы чемпионат жұмысшы мамандықтар жылымен үндесіп отыр. Бұл алаңда біз жас мамандардың еңбексүйгіштігін, жаңа бағыттарға батыл қадам жасай алатын қабілетін көрдік, – деді ол.
Биылғы доданың ауқымы да айтарлықтай кең — 45 құзыреттілік бойынша өткен чемпионат студенттердің кәсіби дайындығын халықаралық стандарттарға сай бағалауға мүмкіндік берді.
Жарыс қорытындысы бойынша:
53 алтын,
55 күміс,
59 қола медаль табысталды.
Сонымен қатар 213 қатысушы «ерекшелік» медалімен марапатталды.
Жалпыкомандалық есепте:
Қарағанды облысы – 1 орын,
Түркістан облысы – 2 орын,
Атырау облысы – 3 орын иеленді.
Бұл өңірлік бәсекенің қыза түскенін және техникалық мамандықтарға деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Чемпионаттың басты ерекшелігі – оның халықаралық деңгейге жол ашуы. Енді үздік қатысушылар арасынан Ұлттық құрама құрылып, 2026 жылы Қытайда өтетін WorldSkills International чемпионатында ел намысын қорғайды.
«Talap» КЕАҚ президенті Санжар Тәтібеков жобаның мәні мен биылғы ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
Оның айтуынша, халықаралық додаға қатысу ерекше дайындықты талап етеді, сондықтан Қазақстан ең мықты жастарды іріктеп апаруды жоспарлап отыр. Әлемдік чемпионатқа жыл сайын 30–35 мамандық бойынша қатысу көзделген.
Жүлде қоры жайлы:
Студенттер ең алдымен өздерінің кәсіби деңгейін нығайтады. Сонымен қатар, алаңда жұмыс берушілермен тікелей танысып, жұмысқа орналасу мүмкіндігін алады. Жүлделі орын иелері әлемдік чемпионатқа жолдама алады. Партнёрлер тарапынан түрлі сыйлық пен ақшалай марапаттар да бар. Биыл 150-ден астам қатысушы сый-құрметке ие болады, – деді ол.
Чемпионатқа 300-ден астам колледж және 800-ден астам қатысушы келді. Әлеуметтік серіктестердің және жұмыс берушілердің белсенділігі жоғары — 200-ден астам кәсіпорын жас мамандарды жұмысқа алуға дайын.
Ұйымдастырушылардың дерегінше, чемпионатқа қатысқан жастардың 80–90%-ы жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болады.
Сән технологиялары құзыреттілігі бойынша бірінші орынды иеленген Ғазиза Қанан жарыстағы әсерімен бөлісті:
Бұл жарысқа арнайы Шымкенттен келдім. Республикалық чемпионатқа алғаш рет қатыссам да, жолға шыққан сәттен бастап бірінші орын алуды мақсат еттім. Командамен бірге сырт киім тігуден бастап, дизайнерлік тапсырмаларға дейін бар білімімізді көрсеттік. Уақытпен жұмыс істеу – ең үлкен сынақ болды. Осы жетістікке жеткеніме өте қуаныштымын.