Астанада вандалдарды жауапқа қалай тартады

29 Қазан, 05:36 306

Астанада 22 қазан күні сағат 21:30 шамасында 54 жастағы ер адам пәтердің электр сымдарын әдейі кесіп тастады, осылайша мүліктік зиян келтірді. Оның жеке басы анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Елорда әкімдігінің мәліметінше, осыған ұқсас жағдайлар 26 қазан күні сағат 16:10 шамасында болды. 43 жастағы астаналық мас күйінде автокөліктің алдыңғы әйнегін сындырып, бөтеннің мүлкіне қасақана зақым келтірді. Құқық бұзушы 5 тәулікке қамауға алу түрінде жауапқа тартылды.

23 қазан күні түнгі сағат 2-де 47 жастағы астаналық Нәжімеденов көшесінде қасақана бейнекамераға зақым келтірді. Құқық бұзушыға бөтеннің мүлкін бүлдіргені үшін 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.

Барлық құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бері Астанада еріктілер, белсенділер, белгілі спортшылар, қала тұрғындары қолдаған «Стоп, вандал» акциясы аясында профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Акцияның мақсаты – вандализмнің кез келген көрінісін болдырмау және елордада тазалық пен тәртіпті сақтау.

Бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін сот жыл басынан бері 260-тан астам адамды жазалады. Олардың барлығы жауапқа тартылды.

Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.

Зарина Арман
Бөлісу: