Астанада үш адам қаза тапқан өрттің себебі белгілі болды

3 Қыркүйек 2023, 11:48 924
Үш адам қаза тапқан өрттің себебі сөндірілмеген темекі болуы мүмкін, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі ТЖМ-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Бүгін түнгі сағат 01:25-те Астана қаласының Өрт сөндіру қызметіне Титов көшесінде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына келген уақытта екіпәтерлі тұрғын үйде 70 ш.м. алаңда өрт болып жатты. Өрт сөндірушілер жанып жатқан үйден 1970 жылы туған ер адамды құтқарып, орташа дәрежедегі улы газдан улану диагнозымен ауруханаға жеткізілді.

Өрт сөндірушілер барлау және өртті сөндіру барысында 1983 және 1970 жылдары туған екі ер адамның және 1971 жылы туған әйелдің денесін тапты. Өрт сағат 02:55-те толығымен сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша өрттің шығуына сөндірілмеген темекі тұқылы себеп болуы мүмкін, - деп жазылған ТЖМ таратқан ақпаратта.

Осы ретте төтенше жағдайлар министрлігі өрт қауіпсіздігінің қарапайым ережелерін сақтауды сұрайды. Сөндірілмеген сіріңке, темекі және басқа да от көздерін қалдырмауды ескертеді. 

 

Асқар Таудай
Бөлісу: