Оқиға алдыңғы түні сағат 18:55 шамасында болды. Патрульдік қызмет барысында Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінің әскери қызметшілері көпірден өзенге секірмек болған қызды құтқарды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Астананың Алматы ауданында қоғамдық тәртіпті сақтау бойынша қызмет атқару кезінде әскери жасақ бастығы Ризабек Төлеев пен патрульші қатардағы жауынгер Руслан Мусин Жедел басқару орталығынан Сарайшық көпірінің шетінде жас қыздың жылап тұрғаны туралы шұғыл ақпарат алады.
Көпірден секіруге бет алған қызды көріп, тез арада жетіп бардық. Бізді байқаған бойжеткен “жақындасаңдар секіремін” деп қорқытты. Оны сөзге тартып, оңтайлы сәтте қауіпсіз жерге алып шықтық, – дейді ұландық сарбаз Ризабек Мерекеев.
Әскери қызметшілер жағдайға байланысты ойларын айта отырып, қызды диалогқа тартқан және ниетінен бас тартуға көндірмек болған. Сондай-ақ өтіп бара жатқан адамдар да қызды тыныштандыруға тырысқан. Осы сәтті пайдаланған ұландықтар мен тұрғындар оны қоршаудан алып шыққан.
Ұландықтар жақын маңдағы полиция пункті арқылы оның жеке басын анықтап, Алматы ауданының полиция басқармасына жеткізді.