Астанада «TURAN» ансамблінің дәріс-концерті өтеді

9 Қазан, 12:05 469

Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының солистері «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі 13 қазан күні сағат 17:00-де елордалықтар үшін дәріс-концерт өткізеді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

«ТURAN» этно-фольклорлық ансамблі қазақ халқының ұлттық өнерін, мәдениетін, музыкасын, саз аспаптарын насихаттау мақсатында дәріс-концерттер ұсынады. Өнерпаздар ансамбльдің ерекшелігін, киім үлгілерін, музыкалық аспаптардың шығу тарихын, аңызын, жасалуын айтып, әр шығарма жайында ақпарат беріп, мазмұнын ашып орындайды. Оған қоса көрермендермен қарым-қатынас орнатып, концертті жеңіл әрі көңілді форматта өткізеді.

Аталған дәріс-концерттерді «ТURAN» ансамблінің қазақ музыка мәдениетіне енгізген жаңашылдығы деуге болады. Қазір бұл концерттерге халықтың сұранысы өте жоғары. Осы күнге дейін ансамбль барлығы 200-ге жуық дәріс-концерт өткізіп, қазақ халқының ұлттық өнерінің өркендеуіне, еліміздегі және шетелден келген тыңдармандардың мәдениетімізге деген қызығушылығын арттырып, қазіргі жастардың бойындағы ұлтжандылық сезімдерін оятып, рухани байытуда, - делінген «Қазақконцерт» ұжымының баспасөз қызметі таратқан мәліметте.

Бұл этно-фольклорлық ансамбль 2008 жылы құрылған. Олар әлемнің 122 қаласында 3000-нан аса жеке концертін беріп, түркі әлемінің музыкалық бренді атанды. Сонымен қатар қазақ музыка мәдениетінде өзіндік жеке стилін қалыптастырып, елімізде мультиаспапшылардан тұратын ансамбльдер қатарының артуына негіз болды.

Айта кетейік, 15 жыл ішінде «TURAN» этно-фольклорлық ансамблі – АҚШ, Германия, Франция және басқа да елдердің мәдени мекемелерінде бірнеше рет өнер көрсетті. Осы жылдар ішінде ансамбль – «Карнеги холл» (Нью-Йорк, АҚШ), «Кеннеди орталығы» (Вашингтон, АҚШ), «Концерт хаус» (Берлин, Германия), «Конгресс және фестиваль сарайы» (Канны, Франция), «Салле Корто» (Париж, Франция) сияқты ірі шетелдік сахна алаңдарында өз шығармашылығымен көрермендерді қуантып жүрген бірегей ұжым.

Ажар Лаубаева
Бөлісу: