12-13 қазанда Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің (АӨСШК) VI саммиті өтеді. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды El.kz
«Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің VI саммитіне 11 мемлекет басшысы (Әзербайжан, Ирак, Иран, Қатар, Қырғызстан, Палестина, Ресей, Тәжікстан, Түркия, Өзбекстан), 1 вице-президент (Вьетнам), 1 төрағаның орынбасары (Қытай) және 5 министр қатысады. Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске бақылаушы мемлекет ретінде Беларусь президенті де саммитке қатысады», - деді Айбек Смадияров.
Бұған қоса, Қатар Әмірінің, Түркия мен Түрікменстан президенттерінің Қазақстанға 3 мемлекеттік сапары жоспарлануда.
«Жоғары деңгейдегі кездесу Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесі шақыру туралы бастаманың 30 жылдығына орайластырылады және Қазақстанның төрағалығымен өтеді. Іс-шараға мүше мемлекеттердің, байқаушы мемлекеттердің, байқаушы ұйымдардың, серіктес ұйымдардың бірінші басшылары, сондай-ақ Қазақстан тарапының қонақтары шақырылды. Барлығы 50-ге жуық делегация келеді деп күтілуде. Азия Кеңесінің саммиті пандемиядан кейінгі кезеңде Қазақстанда ғана емес, жалпы континентте де аса ауқымды сыртқы саяси оқиғалардың біріне айналады деп айтуға болады. Алдағы Саммит қазақстандық төрағалықтың басты іс-шарасы, оның ішінде біздің төраға ретіндегі екі жылдық жұмысымызды қорытындылаймыз», - деді СІМ өкілі.
Оның айтуынша, саммит барысында бірқатар құжаттар мен шешімдер қабылдау жоспарлануда. Іс-шараны дайындау шеңберінде Астана қаласында 10-11 қазанда өтетін Азия Кеңесі Аға лауазымды тұлғалар комитетінің отырысын өткізу көзделген.