Астанада вандализммен күресу және оның алдын алу бойынша жұмыс белсенді жүріп жатыр. Құқық қорғау органдары кезекті вандализм әрекеттерін анықтап, оларған тиісті шара қолданды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Сонымен, 25 сәуір күні 49 жастағы ер адам Тайбурыл көшесінде орналасқан пәтерінің терезесінен сынған ыдыстарды лақтырған. Осылайша ол аулада тұрған көліктің алдыңғы терезесін сындырып, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдірді. Вандализм әрекетін жасаған адам анықталып, тиісті жазаға тартылды.
Тағы бір жағдайда, осы жылдың 1 мамыры күні 58 жастағы ер адам мас күйде Мәңгілік ел даңғылы, 36/3 мекенжайында «Asylym prime» тұрғын үй кешеніндегі домофонды сындырған. Оның жеке басы анықталып, жауапкершілікке тартылды.
Айта кетейік, Астанада жыл басынан бері еріктілер, белсенділер, танымал спортшылар, қала тұрғындары қолдау білдірген «Тоқта, вандал» акциясы бойынша біршама жұмыстар атқарылуда. Акция аясында қалада күндізгі және түнгі рейдтер өткізіледі, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті сақтау және қала мүлкіне ұқыпты қарау қажеттілігі туралы түсіндіру жүргізіліп келеді.
Жыл басынан бері сот бөтеннің мүлкін қасақана сындырғаны, жалпы пайдалану орындарын ластағаны, ғимараттар мен тұрғын үй-жайларды бүлдіргені үшін 100-ден астам адам жазаланды. Олардың бәрі жауапқа тартылды. Вандализмнің алдын алу жұмыстары қалалық прокуратура мен полиция департаментінің үйлестіруімен жүргізіледі.