Астанада тарих пәні мұғалімдерінің семинары өтті

Астанада тарих пәні мұғалімдерінің семинары өтті

Астанада тарих пәні мұғалімдерінің  «Мектептегі тарих пәні: цифрлы медиа әлем» атты семинары өтті. Іс-шараны Qazcontent акционерлік қоғамы, e-history.kz порталы мен Астана қаласы білім басқармасы ұйымдастырды, деп хабарлайды e-history.kz порталы. 

Семинарға 50-ге жуық тарих пәнінің мұғалімі, тарихшы, әдіскер, Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» қызметкерлері қатысты. Басқосуда ұлт тарихын цифрлы форматта насихаттап келе жатқан e-history.kz интернет-жобасының жаңа нұсқасы таныстырылды. Портал редакциясының ЖИ-мен жасалған өнімдері, жаңа маусымдағы мультимедиялық жобалары, «Тарих-sabaq» арнайы рубрикасы семинар барысында айтылды.

Семинар барысында «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» пәндері бойынша білім мазмұнына қатысты мультимедиялық өнімдерді жаңарту, тарих пəні мұғалімдеріне қажетті ақпараттық ресурстарды дайындау және жаңа медиа мүмкіндіктерін сабақ жоспарына енгізу, e-history.kz порталында мақала жариялау сынды өзекті мәселелер талқыланды.

Бүгін семинарға қатысушыларға e-history.kz порталының жаңа нұсқасын көрсетіп, мұғалімдер мен оқушыларға бағытталған контент, жобаларымызды таныстырдық. Мұғалімдер портал мазмұнын жетілдіру, оқушыларға тест тапсырмаларын көбейту, сапалы әрі мектеп бағдарламасына негізделген мультимедиялық контенттердің үлесін көбейту, порталға жарияланған мақалалардың мұғалімдердің біліктілігін арттыратын журналдар қатарына қосылуы және оқушыларға сертификат үлестірілетін олимпиадалар ұйымдастыру мәселелерін жан-жақты талқылады,- деді іс-шараның модераторы, портал жетекшісі.  

Е-history.kz порталының бас редакторы Алтынбек Құмырзақұлы  семинарда көтерілген мәселелер бойынша нақты шешімдер қабылданып, тиісті жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.

Шара соңында барлық қатысушылардың қатысуымен қорытынды отырыс өткізіліп, семинар қатысушыларымен Kahoot ойын платформасында жарыс өткізіліп, үздік шыққан 5 мұғалім арнайы сыйлықпен марапатталды. 

Бүгін тарихшылардың семинары ерекше форматта өтті. Өзіміз сабақ сайын контентін пайдаланып келе жатқан Тарих порталының жаңа нұсқасымен танысып, өз ұсыныс-пікірлерімізді жеткіздік. Қазақстан тарихы порталының жаңа жобаларын оқушыларға білім беру бағытында пайдаланып, яғни оқушылардың деңгейін көтеру мақсатында  пайдалануға мүмкіндік бар. Алдағы уақытта бүгінгі семинар барысында айтылған ұсыныстар шешемін тапса, мұғалім мен портал арасында сапалы жұмыстың нәтижесі болады деген ойдамын. Біздің басты мақсат мектеп оқушыларына тарихқа қатысты анимациялық, тарих ағай форматындағы қысқа видеоларды көптеп шығару. Бірақ олардың жас ерекшеліктеріне де мән беру маңызды. Сол арқылы мектеп оқушыларын порталға көптеп тартуға болады,-деді Міржақып Дулатов атындағы №68 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Арсен Ордабек.

 

Фото: e-history.kz

 

Qazcontent акционерлік қоғамының конференц залында тарих пәні мұғалімдерінің семинары өте жоғары деңгейде өтті. Әріптестерімізбен кездесіп, пікір алмасып, жаңа оқу жылымызға сәттілік тіледік. Портал редакциясының жастар аудиториясы үшін керемет жұмыс жасап жатқан көріп, қуанып отырмыз. Сол жастардың қатарында біздің оқушыларымызда бар. Өйткені мектепте тарих порталын жиі пайдаланып, оқушыларымызды осы ресурстан ақпарат іздеуін айтып отырамыз. Алдағы жаңа маусымдарына сәттілік тілеп, мүғалімдер де сапалы контенттердің жарық көруіне ат салысатын боламыз,-деді №54 мектеп-лицейдің тарих пәні мұғалімі Сәуле Нарбекқызы.

 

Фото: e-history.kz

 

Бүгінгі семинарды өткізіп, тарихшылардың басын қосып отқан шараға алғыс айтамыз. Тарих порталы сынды ауқымды жобаның жүзеге асуы жастар үшін, көзі қарақты оқырман үшін керекті жоба. Осы жобаның 10-жылдан астам оқырманы ретінде әрбір контенті пайдаланып келемін. Оқушыларға да, мұғалімдерге де танымдық, ақпараттық ресрустары өте көп. Екіншіден портал редакциясы әзірлеп жатқан мультимедиялық өнімдердің оқушылар үшін тарихты, тарихи оқиғаларды жылдам сақтап алу үшін өте қажет деп білемін. Алдағы уақытта мұғалімдермен бірлесіп, жұмыс атқаратын болса, одан да сапалы әрі оқушылар үшін керекті мазмұнды қамтитын контент әзірлеуге толық мүмкіндік бар,-деді QAZBILIM ASTANA ұлттық лицейінің тарих пәні мұғалімі Мұрат Ракишев. 

Фото: e-history.kz

Бүгін тарихшылар үшін әдемі әрі мазмұнды семинар өтті. Біз е-history.kz порталының жаңа сайт нұсқасын әрі жаңа мультимедиялық жобалары туралы тың ақпараттар, мағлұматтар алдық. Алдағы уақытта бірлесе отырып, жақсы тарихи-танымдық подкастар түсіріп, ашық сабақтардың бейнежазбаларын бірлесіп әзірлесек деген ұсынысым бар,-деді №63 мектеп-гимназиясының тарих пәні мұғалімі Гаухар Әбдіразаққызы.

Айта кетсек, «Қазақстан тарихы» интернет-порталы - сенімді бірыңғай ақпараттық цифрлық тарихи материалды, тарихи мәселелер бойынша энциклопедиялық анықтамалықты ұсыну және ұлттық тарих пен мәдениетті танымал ету бойынша негізгі ақпараттық арна.  Порталда контент «Қазақстан тарихы», «Оқушыларға», «Тарихи білім», «Тұлғалар», «Арнайы жобалар», «Жаңалықтар», «Мультимедиа» санаттары бойынша ұсынылған. 

Сайттың «Е-кітапхана» электрондық кітапханасында тарих, археология және этнография бойынша 1000-ға жуық электрондық кітап, монография, диссертация, реферат, ғылыми мақалалар жинақтары жинақталған. «Интерактив» бөлімінде тарихи мәселелер бойынша пікірталастар, брифингтер, цифрлық білім беру ресурстары бар. 

«Тарихи білім» бөлімінде мектеп оқушылары мен студенттерге арналған оқулықтар, кітаптар мен тесттер орналастырылған.