Астанада Тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтіп жатыр

24 Тамыз 2023, 12:25 2971

Астанада республика педагогтеріне арналған «Әділетті Қазақстан: адал ұрпақ, сапалы білім, табысты ұлт» тақырыбы аясында «Жайлы инфрақұрылымды қалыптастыру» бағыты бойынша тамыз кеңесінің пленарлық отырысы өтіп жатыр, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Жыл сайын дәстүрлі түрде ең ірі республикалық тамыз педагогикалық кеңесінде педагогика саласындағы үздік педагогтер, зерттеушілер Астанада пікірталас алаңында жиналады. Іс-шараға 600-ге жуық педагог офлайн, 10 мыңнан астам қатысушы қашықтан (онлайн) қатысады. Іс-шара бағдарламасына бес секциялық алаң, шеберлік сыныптары және көрме кіреді.

Спикерлер және модератор ретінде министрлік пен Астана қаласы білім басқармасының өкілдері, білім беру ұйымдарының басшылары мен педагогтері, білім беру саласындағы сарапшылар, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, білім беру саласындағы қоғам қайраткерлері болады.

Балаларды мектепке дейінгі, жалпы орта білімде тәрбиелеу және оқыту, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беруді дамыту, білім берудің қолжетімділігі мен инклюзивтілігін қамтамасыз ету, балаларды оқыту үшін қолайлы жағдайлар жасау мәселелері, балалардың құқықтарын қорғау, білім беру сапасын бақылау және арттыру, оның ішінде білім беру саласындағы болып жатқан өзгерістерді басқару мәселелері талқыланып, инновациялық идеялар мен бастамалар көрсетіліп жатыр.

Сондай-ақ конференция аясында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында мектеп құрылысын өніммен қамтамасыз ету бойынша құрылыс материалдары мен мектеп жиһаздарының жұмыс көрмесі ұйымдастырылып отыр.

Батыс Қазақстан облысы Білім басқармасы басшысының орынбасары Клара Меңдіғалиеваның айтуынша, Тамыз кеңесінің маңызы мен пайдасы ұшан-теңіз.

«Жайлы мектеп» пилоттық жобасының енгізілуін үлкен қуанышпен қабылдадық. Осы жоба аясында БҚО-да 18 мектеп салынады, 16 000 оқушымыз жаңа мектепке баратын болады. 5 мектептің құрылыс жұмыстары басталып кетті. «Жайлы мектептің» арқасында апатты жағдайдағы білім ошақтары, үш ауысымдағы мектептер мәселелері шешілетін болады. 2025 жылға дейін 18 мектепті аяқтаймыз. Ауылдағы мектептерді жаңартып жатырмыз. Біздің өңірде 377 мектеп бар, соның 217-сі шағын жинақты мектеп. Осы шағын жинақты оқу орындарының 48-і саманнан, 11-і ағаштан салынған. Осы мектептерді жауып, орнына заманауи технология мен қауіпсіздік техникасы ережелеріне сәйкес мектептер салуды жоспарлап отырмыз, - деді ол.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: